Қаратау ауданының әкімі сапасыз жолға өскен шөпті орып беруге уәде етті

535

Қаратау ауданында шешімін таппай отырған мәселе шаш етектен. Қаладағы ең жаңа ауданда коммуналдық мәселелермен қоса жер дауы да өршіп тұр. Бүгін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың алдында есебін берген аудан әкімінің қорытынды жиынында тұрғындар бұл жәйттерді ашына жеткізді.

Миллионды мегаполистегі ең жаңа ауданға әкім болып тағайындалғанына жарты жылдан асқан Қантөреев мырза ауданда атқарылған шаруаларды жіпке тізгендей етті. Аудан бюджетінен бастап, тұрғындардан түскен арыз-шағымдардың санына дейін айтты.

Шағым демекші, халықтан түскен сұрақтардың дені коммуналдық салаға қатысты болды. Себебі, ауданда газ, су, жарық мәселелері шешілмеген. Жауапсыз мердігерлер мен қабылдауға келгенде енжарлық танытатын шенеуніктерден зәрезап болған халық қала әкіміне мұңын шақты. Тиянақсыз тірліктен көпшілік жапа шегуде.

Қаратау ауданының тұрғыны: «Жолымыз төселгенімен, бір айдан кейін ол жерге шөп шығып кетті».
Ғ.Әбдірахымов, қала әкімі: «Қандай сұрағыңыз бар, шөп шықпасын ба?».
И.Қантөреев, Қаратау ауданының әкімі: «Шөп шыққан болса, орамыз».

Шынында күлуге себеп жоқ. Сапасыз жолдар, сұрықсыз инфрақұрылым, коммуналдық түйіткілдерді тұрғындар қос әкімнің алдында жайып салды. Су сұраймын деп асфальт жолынан айырылған халық базынасын айту үшін арнайы келіпті.

«Достық» шағынауданынан «Асар» елдімекеніне қатынап оқитын оқушылардың жайын біз де көтергенбіз. Жергілікті мектепке сыймай көрші шағынауданға қатынап оқитын балалар мен олардың ата-аналарының жанайқайы тіпті Елордаға дейін жеткені есте.

Алайда, кезінде білім саласы өкілдері мектепке автобус жалдаудың заңсыз болатынын айтқанмен, қазір жағдай реттелген. Алайда, ата-аналар «бұл қуанышымыз ұзаққа созылмай ма» деп уайымда жүр.
«Тұран» шағынауданындағы жол мәселесі біздің де назарға іліккен-ді. Өзге шағынаудандармен салыстырғанда түйіткілі аз деп танылған жаңа елдімекеннің де мәселесі бастан асатын болып шықты.

Тұрғын: «Бізде жол мәселесі шешілмей отыр. Сосын мектеп мәселесін қашан шешіп бересіздер, нақты уақытын айтсаңыздар».
Бас аяғы 3 сағатқа жуықтаған есептік жиынның бұдан да ары созылуы мүмкін еді. Алайда, жұма намазға асыққан шенеуніктер көп сұрақтарға жазбаша жауап беретіндерін айтып, тарқасты.

Мақпал Рысбаева