Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттары- Әлеуметтік-мәдени даму Комитетінің мүшелері Түркістан облысына жасаған сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, ортағасырдағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи келбетін анықтауға және қалпына келтіруге арналған жобалармен және Түркістан қаласы аумағындағы ең көне қоныстардың бірі Күлтөбе қалашығымен танысты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» жобасы негізінде қорық-музейге қарасты Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Қылует жерасты мешіті, Шығыс моншасы, Гаухар ана, Укаша ата кесенесі мен құдығы, Сауран қалашығы сынды тарихи орындардың 3D тур нұсқасы дайындалып, халықаралық көрмелерде алғаш рет көрсетіліп, көзілдірік арқылы таныстырылған болатын. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген қазақтың хан-сұлтандары мен би-абыздары,батырлары мен игі жақсылары тізімі цифрлы форматта әзірленіп, тұлғалар жайында қысқаша мәлімет те үш тілде жазылған.
Қ.А.Ясауи, Есім хан, Рабия Сұлтанбегім кесенелері мен Жұма мешіті музейі, Қылует жерасты мешіті музейі, Шығыс моншасы музейлеріне цифрландыру бойынша штрих код жасалынған. Аталған жұмыстармен танысқан халық қалаулылары қорық-музей қорында Әмір Темір дәуірінен сақталған қасиетті тайқазан, лауһа (тудың ұшы), шырағдандар, есіктер, Қ.А.Ясауидің «Диуани хикмет» кітабының қолжазбалары мен көрмені де тамашалады.
Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы мен қаланы түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде таныту және тарихи орындардың төл келбетін сақтай отырып, жандандыру мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Түркістан қаласындағы 88,7 гектар аумақта орналасқан «Хан мешіті», «Хан ордасы» және Күлтөбе қалашығы мен «Жеті ата», «Дарбаза», «Мүсәлла», «Тәкия» қақпалары толығымен қалпына келтіріліп, туристік бағытқа қосылмақ.
Ағымдағы жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңын абаттандыру жұмыстары қолға алынады. Қала қорғандарының орындарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделуде. Ортағасырлық магистральдық көшелерге де қазба жұмыстары жүргізіліп, сауда-саттық орындары туристерге қызмет көрсететін болады.
Сонымен қатар, Мемлекет Басшысының Түркістан қаласына келген ресми сапарындағы арнайы тапсырмасына сәйкес, кесене ішіндегі бірнеше жылдан бері пайдаланусыз тұрған құдық іске қосылған.
Сапар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік – мәдени даму комитетінің «Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» деген тақырыпта көшпелі отырысына ұласты.