Әлеуметтік сала бойынша көрсетілетін қызметтер оңтайландырылып келеді. Бүгін жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары Абай ауданы тұрғындарымен кездесіп, мемлекеттік қызметтердің көрсетілу тәртібін етене түсіндірді.
Басқарма жұмыссыздықпен күресте де мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып отыр. Былтырғы жылы әлеуметтік жұмыс орындарына 400-ге жуық, жастар практикасына 2 мыңнан аса азамат жолданған болса, ақылы қоғамдық жұмыстарға мыңнан аса азамат жолданыпты. Биыл бағдарлама аясы кеңейе түспек.
Жақсылық Арыстанбекұлы, Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы: «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 1 бағыты бойынша өзгеріс болады биыл. «Серпін» бағдарламасы негізінде оқыту қарастырылған. Жұмысынан қысқартылатын мамандарды қайта даярлаймыз. Солтүстікке көшу бойынша өтініштер қабылдаймыз. Біз релиздерді өзге өңірлерге жібереміз».
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жайы да мамандар назарында. Бір жыл ішінде 350 азаматқа мүгедектерге арналған оңалту орталығына жолдама берілген болса, 2 жарым мыңнан аса тұрғын сауықтыру орындарына жолдама алған.
Мақпал Рысбаева