Абай ауданы тұрғындарының билікке сенімі жоғалмапты

161

Аудан әкімдерінің есебі жалғасуда. Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың халықпен кездесуі бүгін «Қатын көпір» шағынауданындағы №52 мектепте өтті.

Тұрғылықты жерлердегі мәселелерді көтерген аға буын Шымкенттің мегаполиске лайықты болуы үшін қай бағытта дамығанын қалайтындарын ашық айтты. «Жарық, су, газ, жол, кәріз жүйесі сияқты коммуналды мәселелер» енді тұрғындарды мазаламауы керек, дейді олар.

Сабыржан Байбосынов, «Ынтымақ» шағынауданының тұрғыны: «Газ тартып бердіңдер, рахмет. Алайда  бір көше қосылса, біреулерінде  мүлдем сары жәшік жоқ…»

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Былтыр желтоқсанда газ қосылды, биыл бітеді. Ал көшелеріңізге тас төселеді».

Абай ауданы әкімінің есебіне жиналғандар өте белсенді.

Абай ауданының тұрғындары  белсенді

Көтерген мәселелерінен байқағанымыз билікке сенімі басым.»Самал» елді мекенінің белсенділері әкімдіктердің табалдырығын тоздырып жүріп, талай тірлікті тындырғанын жасырмайды.

Самал шағынауданының тұрғыны: «Бұрын топырақ жолмен  жүретін едік қой. 20 көшеге асфальт төседі. Енді 4 көшеге төсеу керек. Жарықтандыру мәселесіне де  назар салыңыздар».

«Ынтымақ» ауылының тұрғыны Акмал Атаджанов Жібек жолы, Жаңа құрылыс аумағындағы жол жәйін, жаздың аптап ыстығында таза ауыз суға жарымайтынын айтып талай жауаптыларға барған. Есепті басқосуға арнайы келіп, сұрағын аудан әкіміне төтесінен қойды.

Есепті жиында көптен бері көтеріліп жүрген Әлия Молдағұлова көшесінің тегістелмеуі елге сын деген ескертулер де жасалды. Қошқарата өзенінен аққан судың жәйі тағы сөз болды.

Барлығы қаржыға тірелетінін ел ағалары жақсы біледі. Десек те, ауданның бюджеті аталған мәселелерді шешуге жеткілікті болуы керек, деп есептейді. Жергілікті өзін өзі басқару заңын алға тартқан тұрғындар мегаполистегі ірі аудандарға еркіндік беру керек деп ұсынды.

Қала тұрғыны: «Қала өсіп жатыр, 76 мың халқы бар «Қатын көпір» шағынауданына жеке әкімшілік ашып бермейді. Қаржыны тиімді жұмсауын да талап етуге болады. Аудандағылар барлық мәселелерді етене біледі ғой».

Айналып келгенде жұмыла көтерген жүктің жеңіл екендігін әкім де, тұрғындар да жақсы біледі.

Шынар Оразова