Елбасының жарлығына сәйкес, елімізде жыл сайын қала, аудан әкімдері халық алдында есеп береді. Биыл бұл науқан қаңтардың ортасынан басталады. Республикалық маңызы бар қалалар қатарына енген Шымкентте тұрғындармен кездесуді Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов бастайды.
«Құрсай» шағынауданының тұрғындары аудан әкімі Бұхарбай Пармановтың жеке қабылдауына келді. Олардың №60 және №111 бағыттарда жүретін көліктердің қызметіне көңілі толмайды. Оған қоса, осы кездесуде тұрғындар учаскелік полиция бөлімінің жұмысының төмендігін айтты.
Мәселерді көтеріп жүрген олар елді мекенде ауыз су, газ, жолдарды асфальттау жұмыстарының жүргізілуіне қол жеткізген. Бүгінде жарықтандыру да қолға алынған. 300 мыңнан астам халық тұратын 33 елді мекендегі түйткілдердің кезеңімен шешіліп жатқанын тұрғындар жақсы біледі.
Айгүл Дабилова, «Құрсай» шағынауданының тұрғыны: «Мен Құрсайда көп жылдан бері тұрамын. Бұрын ештеңе болмайтын.Бүгін қанағаттандым жұмыс сұрап келіп едім жұмысқа орналастыратын болды. 6 балам бар, күйеуім болсақан диабетімен ауырады. Жол ақысы бар, азық-түлікке қаржы үнемі керек. Қоғамдық көліктің қызметін тәртіпке келтірсе жақсы болар еді».
Аудан басшылығы халықпен жиі кездесіп тұрады. Оның үстіне, 14 қаңтардан бастап аудан әкімдерінің халық алдындағы есебі басталады. Алғашқысы келесі дүйсенбіде «Қазығұрт» шағынауданындағы №66 мектепте өтеді деп бекітіліп қойған. Жауапты науқанға әкімдіктегілер білек сыбана кірісіпті. Айтуларынша, азаматтардың бірде-бір шағым-арызы назардан тыс қалмайды.
Әкімнің айтуынша, сапалы ауыз суға жарымай отырған жаңаталаптықтар, «Игілік», «Қызыл жар», «Көкбұлақ» және «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабының да жәйі шешімін табатын күн алыс емес. Жүйеге қатысты мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Жобаның құны 448 млн. теңге. «Алтынтөбе» ауылының тұрғындары былтыр су жүйесіне қосылған. «Ақжар» мен «Айкөл» шағынаудандарының 700-ге жуық отбасын сапалы сумен қамту үшін арнайы сметалық құжат әзірленіп, құрылыс жыл соңында аяқталады деп сендірді.
Бүгінде аудан халқының 82 пайызында табиғи газ бар. Ал «Ынтмақ 2», «Жаңа Тұрлан» елдімекендерінің тұрғындарын жүйеге қосу үшін жұмыс жүріп жатыр. Табиғи газбен «Құрсай», «Ақтас», «Ынтымақ -2», «Теріскей», «Көкбұлақ» және «Алтынтөбе» тұрғын алаптарын қамту үшін арнайы станса қажет. Ол үшін әкімдік нысанның жобалық- сметалық құжатын қалалық әкімдікке тапсырып, қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде. Құжат мақұлданса, құрылысқа қажетті қаржы бөлу жөнінде ұсыныс жасалады.
Шынар Оразова