Алты бала. Жүкті ана. Науқас отағасы. Сұрайтыны – баспана ғана

470

«Тағдыр» айдарының бүгінгі кейіпкері – 6 баласын бауырына алып, жетінші перзентіне аяғы ауыр көпбалалы жас ана Гүлнара Сиханова. Ол науқас күйеуі және шиеттей бала-шағасымен қабырғасы көгеріп, сасыған әрі дымқыл үйде тұрып жатыр. Балаларының денсаулығына алаңдаулы жас ана редакциямызға хабарласып, көпшіліктен көмек сұрады.

Көгерген иіс қолқаны қабады

Гүлнара Сиханова – 35 жастағы көпбалалы ана. Шымкент қаласының тумасы. Жетінші баласына аяғы ауыр. Суық әрі көгерген үй-кепеде бала-шағамен тоңып, қиналып отырғанын естіп, жағдайымен танысу үшін үйіне бардық. Есіктен кірген сәттен-ақ көктің иісі қолқаны қабады. Қыс ауасына мүлдем дайындығы жоқ үйдің есік-терезесінің жан-жағындағы шұрық-тесіктен сырттағы суық ауа уілдеп тұр. «Сырттағы ауаны сәл де болса ұстасын» деген оймен есігіне жамылғыш жауып қойған. Алты баласымен аядай екі бөлменің біреуінде ғана күнелтіп отыр. Екінші бөлме қатты көгеріп, суланғандықтан оны жауып тастауға мәжбүр болыпты. Жабық бөлменің есігін ашып, ішіне кіргенімізде құдды далада тұрғандай болдық. Суық. Төбесін көк жауып кеткен. Барлық жағы көгеріп кеткені соншалық, салқын бөлмеден де көктің иісі сезіледі. «Қатты суық болмағанда отырар берер ма едік» деді Гүлнара.

– Екінші бөлмеде отыру мүмкін емес. Өздеріңіз де көрдіңіздер. Ал мына қазір отырған бөлменің төбесі, терезенің жан-жағы, киім салатын шкафтың артқы жағы, барлығы көгеріп кетті. Алайда осы үйдің өзін зорға таптық. Қазір айына 15 мың теңге төлейміз. Балаларым жөтеліп ауыра бергендіктен басқа жақтан да сәл жылы үй қарастырдық. «Бірақ қалтамыз көтереді-ау» деген үйдің иелері бала санын естігенде үйін жалға беруден үзілді-кесілді бас тартады. Келіскен бірнеше адамдар болды. Бірақ олардың айтқан сомасын төлеуге біздің шамамыз келмейді. Сондықтан амалсыз далада қалмау үшін осы жерді паналап отырмыз,-дейді Гүлнара.

«Күйеуім денсаулығы жақсы кезінде тарықпайтын едік»

Гүлнара Сиханова мен жары Бақберген Спадулаев 18 жылдан бері балаларымен көшіп-қонып жүр. 17 жасында тұрмысқа шыққан жас ана 18 жасында тұңғыш қызын өмірге алып келген. 2014 жылы көп балалы ана ретінде үй кезегіне тұрыпты. Бірақ кезегінің өте жай жылжып жатқанын айтты.


«2014 жылы 14 наурызда үй кезегіне тұрғанмын. Сол кезде кезегім 4827 болатын. Қазір кезегім 2835-орынға келді. Кезегім жеткенше паналай тұратын уақытша баспана сұрап, бармаған жерім жоқ. «Нұр Отан» партиясына да бардым. Бірақ ондағылар отбасында мүмкіндігі шектеулі адам болмағандықтан уақытша баспана да бере алмайтындарын айтты. Қалалық әкімдікке де бардым. Олар қауқарсыз екендерін айтып, «өз кезегіңіз келгенде аласыз» деді. Күйеуімнің денсаулығы жақсы кезінде қазіргідей қатты тарықпайтын едік. Тойларды видеокамераға түсіріп жүретін. 2007 жылы кезекті бір тойды түсіріп, шығып келе жатқанда көлік апатына ұшырап содан кейін денсаулығы болмай қалды. Басынан соққы алып, миы шайқалған. Дәрігерлердің айтуынша, 55 пайыз бас сүйегі зақымданған. Жылдан жылға ауруханаға бармай жүре бергендіктен ауруы үдеп кетті. Жиі-жиі дәрі ішеді. «Цитрамон» ішетін еді. Дәрігерлер оны жиі іше беруге болмайтынын айтты. «Ауруханаға жатып емделіңіз» деген. Бірақ ол бармайды. Қазір мен жұмыссызбын. Күнделікті ішіп-жейтін ас-аухатымызды тауып отырғандықтан балаларының аш қалуынан қорқады. Алайда ауруы қатты күшейді. Бір таяғы бар. Сонымен басын ұрып отырады, үнемі. Күн өткен сайын денсаулығы нашарлап барады. «МРТ»-ға түсуі керек. Дәрігерлер «соның нәтижесіне қарай назначение береміз» деді. Содан кейін ауруханаға порталмен жіберетіндерін айтады. Бірақ сол «МРТ»-ға түсетін де қаражатымыз жоқ. Ол 14-15 мың теңге шамасында болуы керек. Қазір ауырғанын басу үшін «кетарол» ішеді де жатады. «Оны да көп ішпеші» деп айтамын. Бірақ ауруы шыдатпаған соң амал жоқ енді.


Күйеуімнің денсаулығы қатты жаныма батып жүр. Қолдың қысқалығынан дер кезінде емдете алмадық».

«Қыста жұмыс табу қиын»

Осылай жанарына жас алған ана күйеуінің тапқаны күнделікті шығынға кететінін айтты. Қазіргі таңда сол күнделікті нан-пұл да болмай қалады. Өйткені қыс ауасында жұмыс табу қиын. Әрі ауруы да ұзақ жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді.
«Қыста жұмыс табу қиын ғой. Сондықтан табылғанын істейді. Ал жазда адамдардың істететін майда-шүйде жұмыстары көбейеді. Сондықтан да жазда тым болмаса қарнымыз тоқ болады. Дәл қазір күйеуім жұмыс істемейді. Балаларымыздың жәрдемақысымен күн көріп отырмыз. Алты балаға айына он мың теңге алатын едім. Қазір күміс алқа иегері болдым. Соған 15 мыңдай теңге қосылып, 26 мың теңге жәрдемақы аламын. Әр үш айда бір берілетін (жаңа жылдан бастап алты айда бір берілетін болып өзгерді) 100 мыңнан жоғары квартальный көмекті аламын. Шүкір, соларды жеткізіп келеміз. Үйдің ақысымен қосы газдың, жарықтың өтемақылары бәрі бірігіп, 30 мыңға жуықтайды. Үйді өзіңіз көріп тұрғандай бір көзді газ плитасымен жылытып отырмын. Одан бөлек кредитіміз бар. Бала-шағаның керек-жарағы бар. Соның барлығын жеткізе алмай қаламын».

«Бізді қинайтыны – баспана ғана»

Салқын үйде тұрғандықтан балаларының бәрі күркілдеп жөтеледі. От жағуға болмайтындықтан газдың бір көзіне кірпіш қойып, сол арқылы үйін жылытып отыр. Алайда, есік-терезесінің саңылау-тесіктері жабылмағандықтан үй іші еш жылымайды. Көздері мөлдіреген балалармен әңгімелескенімізде олар бұған үйреніп қалғандарын айтты. «Сабақ орындайтын жеке бөлмеміз болса» деп армандайды екен. Көп балалы ана жылы әрі қабырғасы көгермеген бір баспана болса, соған разы. Ең әуелі баспана мәселесі қатты қинап тұрғанын айтты.


«Бізге керегі баспана ғана. «Тұрғын үй кезегім келгенше тұратын кішкентай болса да жылы әрі іші құрғақ баспана болса» деп армандаймыз. Осы қыс айлары біз үшін өте қиын. Жаз басталысымен күйеуім жұмыс істеп, сонымен сәл де болса жақсарып қаламыз. Балаларымның үлкені 2-курста оқиды. Студент. Үшеуі мектепке барады. Екеуі әлі кішкентай. Оларға өзім қараймын. «Балабақшаға береміз» десек ол да ақылы. Осындайда біздің үйіміздің кезегі келгенше көмек қолын соза тұратын азаматтар болса, алғысымызды білдірер едік. Босанғанымда бөпемді жылы жерге әкелгім келеді. Шынымызды айтсақ, қатты қиналып кеттік. Ата-анам Шұбарсуда тұрады. Әкем – мүгедек. Анам зейнетте. Отбасында 3 қыз, 1 ұлмыз. Жолдасымның ата-анасы жоқ. Өмірден өткен. Бір әпкесі мен бір қарындасы бар. Олардың өз отбасы бар. Біздің жалғыз тілегіміз – үйдің кезегі жеткенше тұра-тұратын жылы әрі іші құрғақ баспана ғана. Осы жағынан көмек қолын созатын азаматтар болса, алғысымыз шексіз».

Қадірлі оқырман! Алты баласы өсіріп, жетіншісін күтіп отырған отбасына қандай да бір көмек беріп, жәрдем етемін десеңіз, редакциямызға хабарласыңыз. Біз сізді мақаладағы отбасымен байланыстырамыз.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті, №5, (30 қаңтар, 2019 ж)

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

гиперсілтеме көрсету міндетті