Алты жасар бала әскер қатарына шақырылды

509

Бүгін Астана маңындағы 68/665 әскери бөлімінің басшылығы сарбаз болуды аңсайтын баланың арманын орындады. Мұса Албагачиев әскери тақырыпта әңгіме айтқанды ұнатады.

Тіпті жасына қарамай, түрлі қару-жарақтар мен жауынгерлік техникалардың атын біледі. Ғаламтордан деректі фильмдер көреді. Бірнеше жыл бұрын теледидардан әскери парадты тамашалап, сап түзеген сарбаздардың қарумен қалай қимылдайтынын байқайды.

Айбынды жауынгерлердің сұсты жүзі мен арнайы техникаларды көрген балада арман пайда болады. Алайда жастайынан ауыр науқасқа ұшыраған жеткіншек әскери қызметке жарамайды. Себебі бала жүрегінде екі камералы кардиостимулятор тұр. Жүректегі кінәраттың кесірінен Мұсаға аттракциондарға да отыруға болмайды. Бала арманын жүзеге асыру мақсатында Қорғаныс министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасына хат жазылады. Аталған мекеме науқас жеткіншектің кіршіксіз пейілін бір күнге болса да орындады. Мұса әскери көліктерге отырып, қолына қару-жарақ ұстады.

Омархан Шолданбаев, ҚР құрлық әскерлері баспасөз қызметінің басшысы: «Әрине біз адам баласы болғаннан кейін кішкентай бүлдіршінді аттап өте алмадық. Басшылар тез арада шешім қабылдап, Мұса батырымызды шақырып, заманауи техникамызды, қару-жарақ және сарбаздардың бүгінгі күнделікті өмірін көрсетіп, арманының орындалуына кішкене болса да үлесімізді қосып отырмыз».

24.kz