Атаулы әлеуметтік көмек алып, кәсібін дөңгелетіп отыр

432

Жетісай ауданында жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке жалпы 2 млрд. 649,1 млн. теңге бөлініп, 4 248 отбасыға шартты және шартсыз негізде қаржы төленген, деп хабарлайды Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аталған қаржыны алып, тұрмысын түзеткендердің бірі — Жетісай ауданы Қызылқұм ауылының тұрғыны Рысбек Сүлейменов. Ол 2018 жылы қаңтар айында шартты ақшалай көмек алуға өтініш білдірген. Өтініш білдіргенге дейінгі отбасының жиынтық табысы болмаған. Отбасы құрамында 5 адам бар. Әйелі бала күтімінде, өзі еңбекке қабілетті болғанымен жұмыссыз жүрген.

Біріншіден, Рысбек Умарұлы Қызылқұм ауыл округінде орналасқан «Ер-Нұр» шаруа қожалығына тұрақты жұмысқа жолданған. Сондай-ақ, оның отбасына кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 299 мың 483 теңге көлемінде шартты атаулы көмек тағайындалған болатын. Артынша ол осы қаржыны тиімді пайдаланып, автокөлік шеберханасына керекті құрал-саймандар алып, өз шеберханасын ашты.

Ал, Жетісай ауданы Абай ауылының тұрғыны Жалғасова Гүлжан болса, 2018 жылы сәуір айында шартты ақшалай көмек алуға өтініш білдірген. Өтініш білдіргенге дейінгі отбасының жиынтық табысы: 30015 теңге құрады. Отбасы құрамында 7 адам (5 баласы) , өзі бала күтімінде, ері еңбекке қабілетті. Отағасы Жалғасов Алмат Жетісай ауданы Абай ауылындағы «Ермахамбет» шаруа қожалығына тұрақты жұмыс орнына жолданды.

Отбасына 456 мың 990 теңге көлемінде шартты атаулы көмек тағайындалған болатын. Жеке қосалқы шаруашылығын дамыту мақсатында. ШАК-тің бір жолғы төлеміне өтініш білдіріп, көбейту мақсатында 450 мың теңгеге 2 бас ірі қара мал сатып алды.