Ауыздықсыз кеткен автобус жүргізушілеріне айыппұл салынуда

298
фото Объектив.kz

Шымкентте «Автобус» жедел-алдын алу шарасы өтіп жатыр. Аты айтып тұрғандай, қоғамдық көлік тізгіншілерінің тәртібі тезге салынуда.

Жасырары жоқ, қалааралық және аудан орталықтарына қатынайтын қоғамдық көліктің басым бөлігі талапқа сай емес. Көбісі ескі құсқы, орындықтары жоқ. Жолақысын төлейтін жолаушыларға мүлдем жағдай жасалмаған. Ал автобус жүргізушілері жол ережелерін өрескел бұзуда алдына қара салмайды деп айтпасқа амал кем. Оған дәлел де жоқ емес.

Шымкенттік жол патрульдік полиция қызметкерлері бір күннің ішінде жол ережесін өрескел бұзған 250 жүргізушіге хаттама толтырды. Олардың арасында жол ережесін бұзған, жылдамдықты асырған жүргізушілер басым.

Жол патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатқан қалааралық және аудан орталықтарына қатынайтын жолаушылар тасымалына жауапты қоғамдық көліктің басым бөлігінің қандай да бір кем-кетіксізі жоқ.

Автобус жүргізушілерінің кейбірі «өнертапқыштығымен» таңқалдырды. Олар өздігінше қоғамдық көлікке «күрделі жөндеу» жүргізген. Кейбірі жолаушы отыратын орындарға зат артып алған. Ал жүргізушілердің енді бірі автобус ішін рұқсатсыз жататын орын қойып алған. Демалу орнын әрине қоғамдық көлікке орнатуға рұқсат жоқ. Бұдан өзге де жол ережесін сақтамаған көлік иелеріне айыппұл салынды.

Мұхтар Бұхарбаев, қалалық ПД жол-патрульдік полиция полкінің командирі: “Жол-патурльдік полиция полкінің қызметкерлерімен бір күнде 250 құқық бұзушылық анықталып отыр. Жүргізушілерге әкімшілік хаттама толтырылды. Қоғамдық көліктердегі басты мәселе – жолаушылар тасымалдауға орындықтар сәйкес келмеуде. Рұқсатсыз жатақ орын орнатып қойған. Сол бойынша 590-баптың 7-тармағы бойынша әкімшілік құқықтық хаттама толтырылып, жүргізушілерге ескертіліп жатыр”.

Қалада өтіп жатқан жедел-алдын алу шарасы апта соңында қортындыланады. Оған дейін ауыздықсыз кеткен автобус жүргізушілерінің біразы сабасына түсер түрі бар. Олай демеске амал кем. Трассаларда бір-бірімен жарыса заулайтын, жолаушы қауіпсіздігін қаперінен шығарған жүргізушілерге бір тоқтам болары анық…