Балалығын соғыс ұрлаған

1922

 Ұлы Отан соғысының қанды ырғынында жауынгерлеріміз жанын қиса, еңбек даласындағы бұғанасы қатпаған сәбилер балалығын, қыз-келіншек наз күлкісін, аяулы ана көз жасын берді. Тылдағы әжесі мен анасы, кәрісі мен ұл-қызы аянбай терін төгіп, майданға жөнелтілер бір түйір дәннің қадірін білді. Соғыс жылдарында бала болып, ойнамаған, тойып тамақ жемеген, соғысқа аттанған әкесі мен ағасын сарыла күтіп, таң қылаң бере егістікке жөнелген бүлдіршіндер – бүгінде немере-шөбересін алақанына аялаған ата-әже. Кескілескен қан майданның ауылға жеткен ызғарына тоңып, суығына шыдаған олардың көргені сәби жүрегіне жатталып, көңілдерінде әрдайым сайрап тұрады. Әрқайсысы соғыс ұрлаған бала күндері туралы айтқанда көмейден шыққан үн естігеннің денесін шымырлатып, көздегі жасы әжім тереңдерін қуалай ағады.

 Бес жасында масақ терген Ханшайым апа

— Балалығымда қызықшылық болмады. Бала күнім ел басына нәубет келіп, халықтың күлкісінен гөрі күрсінуі көп болған заманда өтті, — деп терең күрсініспен бастады әңгімесін тыл еңбеккері Ханшайым Жорабекқызы.

Сұм соғыс басталғанда Ханшайым небәрі 4 жасар болған. Бала болып қыңқылдап, ата-анасының құшағында еркелеп жүрер кезі. Алайда, олай болмады. Таң ата жұмысқа кетіп, кеште шаршап оралатын әжесі мен анасының көмекшісіне айналып, үйдегі бар тірлікке жауаптанды. Небәрі 5 жасында табаға нан жауып, қамыр кесті. Иә, соғыс Ханшайымды ерте есейтті. Тым ерте…

Тек үй жұмысымен шектелмей, ауылдың үлкендерімен қатар, мойнына дорба байлап, масақ терген. Оны кептіріп, қылтанағын түсіріп, бидайын алған. «Бала болып бір ойнау деген болмады. 6 жасымда сабаққа бардым. Сабақтан келе салып көсек аршитын едік. Осылайша 5 жасымда басталған еңбекке толы күндерім дейін мақта теру, көсек аршу, масақ терумен өтті» дейді ол.

— Барлық заттың жетіспегеніндей, қағаз-қалам деген көп болмайтын еді. Газеттердің шетіне жазу жазатын едік. Армиядан қайтқан марля көйлекті мен кимесем де көп адам киді. Осындай қиындықтарды көріп өстік. Соғыстан оралғандардың бәрі де мүгедек боп келді. Ауылымызда күнде у-шу, қайғырып қиналған адамдар. Күнде қара қағаз келеді. Зар еңіреген ана, жесір қалған әйел, жетім болған бала. Бірін-бірі жұбатқан адамдар осындай сәттердің куәсі болдық. Сондықтан да күліп еске алатын естеліктен гөрі күрсіндіріп, көзімізді жасқа толтыратын өткеніміз болды,-дейді Ханшайым апа.

Соғысқа аттанғандардың қатарында Ханшайымның әкесі Жорабек те болды. Алайда, алғашында Жорабекті үйіне молда шақырды деген себеппен соттап жіберген.

«Әжем атама жылдық ас бермекші болған екен. Әкем ол кезде Шолаққорғандағы банкте оператор болып істепті. Көршіміз «сол асқа молда мен ишамды шақырды» деп жоғарыға хат жазыпты. Салдарынан адамдар келіп біздің әулеттің 10 адамын «халық жауы» деп атап ұстап әкетіпті. Осылайша оларды 10 жылға соттап жіберді. Әкем түрмеде жүріп, өз еркімен соғысқа аттанып, 1944 жылы қаза тапты»

Әкесіне жала жабылып, абақтыға қамалғанында Ханшайым 5 айлық сәби болыпты. Әкесі жайлы естеліктерді әжесі мен анасынан үнемі сұрап біліп жүрген. Бала жүрегі әкесінің келетінінен үміт үзбеген. Алайда «Халық жауының қызы» деген сөзді көп естиді. «Бір оқиға әлі күнге көз алдымда кешегідей сайрап тұр» деген ол, көзіне жас алды.

«Бір күні есіктің алдында айқай-шу басталды. Ауылдағы іске жарайтын адамдардың барлығын соғысқа әкеткен. Қатын-қалаштармен қатар қисық-қыңырлар ғана қалды. Ауылда Жолдас Қисық деп аталып кеткен адам бар еді. Басы қисық болатын. Сол есік алдына келіп, әжеме айқайлап, қамшысымен сілтеп сөйлеп жатыр. Таңғы сағат жетілер шамасы. «Сен халық жауының шешесісің. Осы уақытқа дейін ұйықтауға құқың жоқ. Жұмыста болуың керек, мұндай кезде» деп айқайлап жатыр екен. Әжем өте сабырлы адам еді. Оңайлықпен ашуға берілмейтін. Қисықтың баласы жайлы айтқан сөздеріне шыдамады. Бір сәтте не болғанын өзіміз де түсінбей қалдық. Апам мысық сияқты қарғып барып, аттың үстінде тұрған Қисықты алқымынан ұстап, жерге алып ұрды. Жердің шаңы бұрқ етті. Сол сәтте әжем: «Сен менің Жорабегімнің тырнағына татымайсың, оның басқан ізінен садаға кет!» деп айқайлады. Осылайша ит терісін басына қаптады. Әжемнің баласына жабылған жаладан қалай қиналғанына куә болдым. Анам мен әжем үшеуміз қатты жыладық. Бізге қосылып көршілер де бүкіл ауыл боп еңіредік.»

Сол кезде ауылдағы жағдайы жақсы тұратын үй Ханшайымның отбасы болыпты. Алты жасында көкжөтел болып ауырғанында әжесі үйіндегі бір уыс бидайды көк қанатты құстың қанатына алмастырған екен. Ханшайымның жазылуының жалғыз емі сол қанат еді. Әжесінің сонда үйде қалған қап-қара жабысқақ ұннан жасаған тамағын жей алмай, аш жатқан кездері де есінде. Тұрмысы жақсы отбасының халі осындай болса, басқасы қандай күй кешкенін елестету де қиын.

Ауыр балалықты басынан өткерген Ханшайым апа бүгінге күніне мың да бір шүкіршілік етеді. 1954 жылы тұрмысқа шыққан ол, жолдасынан да балаларынан да өте разы. Бүгінгі таңда ұлын ұяға қызын қияға қондырған асыл ана. 40 жылға жуық білім саласында қызмет еткен үлгілі ұстаз.

 «Бес жасар бала бір үйдің асыраушысы еді ғой»

Бала күні еске түскенде ауыр күрсініп, кемсеңдейтін жанның бірі – тыл ардагері Әзімхан Ыбрайұлы. Әзімхан туған әулеттен 1941 жылы 16 адам соғысқа аттанған. Солардың бірі — Әзімханның әкесі еді. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қария әкесін соғысқа шығарып салған сәтін әлі ұмытпайды.

— Әкемнің үстінде шапаны, басында қалпағы, арқасына ілінген сөмкеге ұқсас заты бар болатын. Ары қарап тұрған еді. Солай анаммен сөйлесіп тұрды. Отбасын тапсырған шығар. Есік жақтан төрде тұрған маған қарады. Бала жүрегім сезсе керек. Жүгіріп кеп, бір-бірімізді құшақтадық. Осылайша бетімнен сүйіп, қатты құшақтап, аттанып кетті. 5 жыл бойына хат-хабар ала алмадық. Дегенмен үмітімізді үзбедік. 1946 жылы әкеміз оралды. Денесінің үш жерінен жарақат алған. Азу тістері қопарылып кеткен. Адам шошырлық жағдайда еді. Бір әулеттен жалғыз менің әкем тірі оралды,-дейді ақсақал.

Әкесі соғысқа аттанғанда үш баласы мен анасы артында қалған. Бір уыс бидайға зар болып, қабырғасы қатпай, белі қайыса жұмыс істегендердің қатарында 5 жасар Әзімхан да болған. Күн көрісіне айналған сары сиырды бағу соның мойнында еді. Сиыр сүтін пісіріп, ұйытып, айранып ішіп күнелткен отбасы сол кездегі қиналған кездерін әлі ұмыта алмайды. Жалғыз күн көрісі сары сиыр жоғалғанда жан ұшыра іздегенін әңгімелеп берді.

«Жалғыз сиырымыз бір күні жоқ. Ұрлап кеткен. Бәрімізді асырап отырған жалғыз сиыр жоғалғанда бала болсам да бір өзім іздеуге шықтым. Өйткені сиырсыз күніміз қиын болар еді. Ауылдан шамалы жерде орыс-кәрістер тұратын. Солар алды-ау деп ойладым. Сиырымның ізімен жүріп отырып, сол жерге бардым. Олар мені қуып жіберді. Мен сиыр іздедім деп айтпадым. Атамның ағасы бар еді сол кісіге айттым. Атам екеуміз жақындағаннан-ақ аналар сиырды алып шығып берді. Сол кезде қуанғанымды-ай»

Әзімхан ата да кішкентайынан масақ, мақта терген. Сол кездегі ашаршылық санасында сайрап тұр. Балаларға «бала екен» деп аяушылық таныту болмаған. Достарымен әрқайсысына бекітіп берген норманы орындап жүрген. Кішкентайынан еңбек етудің себебі сол бір уыс дән табу еді.

«Ол кезде колхоздың комбайндары бар еді. Сол комбайндармен астық оратын. Ауылдың балалары комбайыннан кейін барып, масақ тереміз. Комбайн қалталарын ашып жіберсең ішінен дән сау ете қалатын. Соларды жинап, ауылға әкелетін едік. Бар болғаны 5 жасар кезіміз ғой. Қазір ойлап отырып, қалай тез-ақ есейіп кеткенімізді білмеймін. 5-6 жасар бала бір үйдің асыраушысы еді ғой»

Әзімхан ата ауыл болып қиналған сәттерді есіне алғысы келмейді. Сыр суыртпақтап отырып сұрап білгеніміз осы болды. Ол 1957 жылы Алматыдағы ауылшаруашылық институтына оқуға түседі. 1962 жылы отбасын құрып, жан жарымен екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Қарияның бар айтары: жастар тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне жете білсе екені деген жалғыз тілек.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы тыл ардагерлерінің саны – 15 733 адам (28.04.2018ж)

«Әкемнен қалған жалғыз тонды уәкіл тартып алды»

Әкесі соғысқа кеткенде ата-әжесі мен анасының жанында қалған бүлдіршіннің бірі – Захира Бекмұрзаева. Аякөзде үш ай дайындықтан кейін майданға аттанған әкесінің жолын Темір стансасында туған-туыс, отбасымен бірге үш күн күткен кезін ұмытпайды.

— Бір күні әкемнен «Біз Темір станасынан өтеміз. Барлығың келіп, мені көріп қалыңдар» деген хабар келеді. Шілікте тұратын едік. Әскерден өткендерді көру үшін стансаға келдік. Ол кезде барлық пойыздар тек Темір стансасы арқылы өтеді. Соғыстан қайтқандар да кетіп бара жатқандар да, бәрі-бәрі осы станса арқылы өтеді. Әкеміздің өтуін үш күн күттік. Күнде де түнде де жүргіншілер тынбайды. Алыстан поездің дауысын естісек жүгіріп шығамыз. Пойыз үшінші күн дегенде түнде өтіпті. Әбден шаршаған болуым керек. Сол кезде ұйықтап қаппын. Ол кезде бәрі әкемді көру үшін жаппай поезға жүгіреді екен. Мені бәрі ұмытып кеткен. Туған-туыстарымыз әкеммен қол алысып қалады. Сол сәтте әкем мені сұрапты. Менің ұйықтап жатқаным естеріне түсіп, біреуі мені әкелуге кеткенде пойыз жүреді. Сол кезде әкем «Захираны жылатпаңдар» деп бірнеше мәрте айқайлаған екен. Оянсам әпкелерім мені құшақтап жылап отыр. Неге десем әкемнің айтқанына жылаған. Ол кезде 4-5 жасар кезім. Әкем «Бағытымыз — Сталинград майданы» деп айтып кеткен. Әке ешқашан ұмытылмайды. Сол кездегі балалар әке қадірін, жалпы ер азаматтардың қадірін білді,-дейді Захира апа.

Захираның әкесі «соғыста хабар-ошарсыз кетті» дегендердің қатарында болған. Алайда ол іздеуін тоқтатпапты. Жан-жаққа хабар жіберіп тынбай ізденсе де бір жерден жақсы хабар ала алмаған. Сонда да үмітін үзбеген Захира апаның немере қызы атасының атын интернет сайттарынан іздеп, жерленген жерін табады. Әкесінің қабіріне туған жердің бір уыс топырағын апарып салуды мақсат етеді.

Шымкент қаласындағы тыл ардагерлерінің саны – 4762 адам (28.04.2018ж)

«2017 жылы 29 сәуірде билет алдым да жолға шығып кеттім. Күтіп алушылар Ресейдің Саратов облысының Балашов қаласындағы әкемнің қабіріне алып барды. Жақсы күтті. Мен соған разы болдым. Әкемді 80 жастан асқанда таптым. Бұған да шүкіршілік еттім»

Тыл ардагерлерінің көрген қиындықтары көп-ақ. Дегенмен, солардың ішінде де жанға жара салып, есіне алса әлі күнге жүрек сыздататын оқиғалар болған. Әңгімелесіп отырғанымызда Захира апаның ұзақ жылап, қинала есіне алғаны бір оқиғасы болды.

«Жылы киім жинаймыз» деп ауданнан уәкіл келеді. «Солдаттар тоңып жатыр. Оларға киім керек» дейтін. Әкем өте мәдениетті, сауатты адам болған. Жақсы киімдері де бар еді. Уәкілге шешем мен әжем әкемнің барлық киімдерін береді да бір қара тонын алып қалды. Бірақ уәкіл «Аңламастың қара тоны бар, соны да бер» деп қайта-қайта келе берді. Әжем «Ұлымнан хабар келмесе де мен үмітімді үзбеймін. Өзі келгенде кисін, ең болмағанда осы киімін алмашы» деп жалынды. Ақыры аяғы сол уәкіл «бермесеңдер сотқа беремін» деп жүріп, тонды алып кетті. Әжем иіскеп мауқын басып, әкемнің көзіндей сақтап жүрген киім еді. Амалсыз берді. Сол кездегі әжем мен анамның жылағаны есімнен кетпейді. «Аңламас болғанда олар маңымызға жоламас еді» деп қатты жылады. Мен де жыладым. Әжемнің көкірегі қарс айрылды. Бауыр еті баласын сағынып жүрген анаға өте ауыр тиді»

1951 жылы Ташкенттегі педагогикалық институтқа оқуға түскен Захира оқуып аяқтап, елге оралды. Өзі білім алған мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып ұзақ жылдар бойы қызмет етеді.

Бүгінде талайы таңдырды басынан өткерген тыл ардагерлері назардан тыс қалып, елеп-ескерілмей жатады. Әйткенмен, балалығын соғыс ұрлаған қарттарымыз қазіргі бейбіт өмірге шүкірлік етеді. Ел тыныштығы бұзылмай, мәңгілік бейбітшілік болуын тілейді.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті, №18, 2 мамыр 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті