Биыл оңтүстікке көктем кеш келеді. Қыс ұзарып жауынды-шашынды күндер жиілейді. Жұлдызшылар осылай болжам жасап отыр. Ауа райын болжауда табиғат заңдылықтары мен халық даналығына сүйенетіндер қаңтар айының 7 мен 11 аралығында жауын жауып, таулы елдімекендерде қарға ұласады деп отыр.

Осындай суық күндер ақпан айының алғашқы онкүндігінде де күтілуде. Сондай-ақ, «наурыз айында да аязды күндер аз емес» дейді күн райын болжаушылар.

Нұрғабыл Қозыбақов, жұлдызшы: «Биыл қыстың арты қысайын деп тұр. Наурыз айының басындағы суық ай соңына дейін жалғасады. Көктем кешігеді. Биыл шаруаларға жайлы жыл болады. Су мол болады. Сондықтан, егіншілікпен айналысатын дихандар үшін жақсы жыл болғалы тұр».

Ал «Қазгидромет» өкілдері қаңтар айының алғашқы онкүндігінде суық күндер күтілуде дейді. Кейін ай соңына қарай күн жылынады. Келесі аптаның ішінде жауған жауын-шашын қарға айналады.