«Біздің байланысымызды шөберелерің пайдалансын» деп видеоқұттықтау жолдаған полицей жұрттың жағасын ұстатты. ІІМ түсініктеме берді

289
фото inform.kz

ҚР Ішкі істер министрлігі қоғам талқысына түскен полиция қызметкерінің жаңажылдық құттықтауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желіде полиция киіміндегі қызметкердің құттықтауы тараған. Ол өзінің құттықтау сөзінде қылмыс әлемінің адамдары жиі пайдаланатын сөздерді айтқаны үшін жұртшылықтың сынына ұшырады. Сөз арасында «біздің братва, біз бандамыз» деген теңеулер кездеседі.

Осыған байланысты ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев түсінік берді.

«Ведомстволық оқу орнының лауазымды қызметкері көзге түскен видео зерттелді. Ол өзінің әріптестеріне құттықтау жолдаған. Бейнежазбаны 2018 жылғы 31 желтоқсанда ІІМ Қарағанды академиясында бірінші курс басшысының орынбасары түсірген», — деп жазды А. Садубаев Фейсбуктегі парақшасында.

Оның сөзіне қарағанда, осы оқиға бойынша қызметтік тексеру жүріп жатыр. Бұл тұрғыда аталған қызметкер мен оның басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады, сондай-ақ қызметінен босату шарасы қабылдануы мүмкін.