Чипі бар жаңа техникалық құжаттар берілуде

478

Теміртұлпар иелеріне чипі бар техникалық құжаттар беріліп жатыр. Автокөлік жөніндегі барлық ақпарат осы чипта сақталып, сату, сатып алу кезінде толықтырып отырады. Құжаттың өзі де біраз өзгерген. Жаңа қорғаныш элеметтері пайда болып, дизайны да жаңаланды.

Чипта мемлкеттік тіркеу нөмірі, топтама және куәліктің тіркеу нөмірлері, көліктің маркасы, моделі, шыққан күні мен жылы, сәйкестендіру нөмірі, көліктің санаты турасында ақпар бар. Сондай-ақ, иесі туралы ақпарат, аты – жөні, қайда тұратыны, есепке тіркеу және алу сынды мәліметтермен толықтырылған.

Есесіне жүргізушілер жол сақшылары сұрайтын құжатты тасып әлекке түспейді. Әрі көлігін сақтандырғандығын қағаз жүзінде дәлелдеп жүруге міндетті емес.

Бұл өзгеріс өткен жылы, Ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген. Жыл соңында теміртұлпар иелеріне чипі бар техникалық құжаттар беріле бастады. Бұйрықта көрсетілгендей, қажет болған жағдайда қажетті ақпараттың тізімі өзгертіліп, толықтырылуы мүмкін.

Алайда көлік жүргізушілердің өздері бұл жаңашылдықтың қажеттілігін аса көрмейміз дейді. Кейбіреулерін жаңа құжаттың ашық түсі қуантса, басқалары дизайнын сәл өзгертер едік деген ұсыныс айтты.

Сонымен қатар құжатта бұйрық күшіне енгенге дейін берілген бұрынғы техникалық паспорт күшін жоймай, жаңа тіркеу куәліктерімен бірге пайдаланыла беретіні аталып өткен. Ол автокөлікті сатып алу немесе сату және оны қайта тіркеу процесі кезінде ғана алмастырылады.

Ернар Балабеков