Қазақстанда 30 жастан асқан әйелдер емханаларда тегін скринингтік тексеруден өте алады. Бұл туралы еліміздің бас онкологы айтты.
Қазақстанда 2018-2022 жылдарға арналған обыр дертіне қарсы кешенді бағдарламаға 35 млрд теңге бөлінген. Бас онколог Диляра Қайдарованың айтуынша, биылдан бастап республикамыздағы барлық емханалар қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады.
«2018 жылдан бастап скринингтік тексеруден өтетін топтар кеңейтілді. Бұрын Ұлттық скрининг бағдарламасында 30-35-40 жас деп топтарға бөлген болса, қазір 31-32 яғни, 30 жастан 70 жасқа дейінгі кез келген жастағы әйел өз емханасына барып, тегін скринингтен өте алады. Егер тексерістен өткен соң әйелдің денсаулығында ешқандай өзгеріс болмаса, ол кезекті тексеріске 3 жылдан соң келеді. Айта кетейін, жатыр мойны обыры көбіне Адам папиллома вирусы арқылы жұғады», – деді ҚР ДСМ «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» директоры Диляра Қайдарова.
Дәрігерлердің айтуынша, жатыр мойнының қатерлі ісігі дүниежүзінде рак ауруларының ішінде 4-орында тұр екен. Біздің елімізде былтыр 1800-ден аса әйелден аталмыш дерт анықталса, күн сайын 1 әйел көз жұмады. Енді мамандар 2020 жылдан бастап еліміздегі 9 жастан 12 жасқа дейінгі қыз балалар арасында жатыр мойны обырына екпе жасауды қолға аламыз деп отыр. Ал ісіктің бұл түрі 40 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездеседі екен.
«Ағзаның қатерлі ісігі – алдын алуға болатын ауру. Оны қатерлі ісікке ұластырмай, дер кезінде анықтауға болады. Өйткені, әйел адам өзі жергілікті емханасына барып, дер кезінде жатыр мойнының жағындысын тапсыратын болса, бұл ауруды ерте табуға болатын еді. Бұл ауруға жеткізбей ісікалды ауру сатысында анықтап, әйел адамның жатыр мойнын күйдіріп, емдеп жіберуге болады», – деді онкогинеколог Толқын Садықова.