Сұрбойдақ жігіттерге «қашан үйленесің?» десең «уақыт бар» дейді. Әрине, ер азаматтарға асығыстық жоқ. Оларға қашан да қыз табылары анық. Ал жасы отыздан асып тұрмыс құрмаған қыздардың оң босағада отырып қалуы ойланарлық жәйт. Өкініштісі сол жылдан жылға «кәрі қыздардың» қатары артып бара жатыр. Әрине, үңіле білгенге нәзікжандылардың тұрмыс құрмауының өзіндік себептері де жоқ емес. Бірі — отбасы жағдайына байланысты, енді бірінің — еркек атаулыдан көңілі қалған. Және біреулері қыршаңқы мінезінен сыңарын жолықтыра алмай жүр. Өз өмірін қызметіне арнап, уақытын өткізіп алған қыздар да қаншама. Нәзік жанды арулардың сүйікті жар, ибалы келін, аяулы ана атанудан гөрі мүлдем басқа бағытты таңдау себептері қандай? Бүгінгі мақаламыз жасы келсе де тұрмыс құрмаған кәріқыздар жайлы болмақ.
Ата-ана кінәлі ме?
Нағима — 1982 жылы туылған. Мамандығы – заңгер. Сондықтан болар жігіттерге қоятын талабы өте жоғары. Кішкентайынан оқуда озат болған ол ата-анасының қатал тәрбиесінде өскенін айтады.
«Анам мектепті тек беске оқуымды қалады. Сабақ үлгерімімді үнемі қадағалап отырды. Ешқайда аттап бастырмайтын. Үлкейе келе тіпті қатал бола бастады. Қазір ойласам, «мүмкін жігіттермен араласып, сабағы жайына қалады» деп ойлаған болса керек. «Оқуыңды үздік оқып, мықты маман болсаң, жігіт қашпайды, шекесінен шертіп жүріп таңдап аласың» деген сөзді көп қайталайтын. Біздің менталитетке сәйкес қазақ қыздары ешқашан ата-анасының өзіне қойған тыйымдардан аттап кетпейді ғой. Мен де олар қалаған адам болып шығуды армандадым. Осылайша мектепті өте жақсыға бітіріп, Отбасым қалағандай Алматыға оқуға түстім. Мектепті аяқтағанша қыдыру дегеннің не екенін білмедім. Соншалықты үйкүшік болғандығымнан болар, сыныптастарым мені ініне кіріп алса шықпайтын «үй тышқаны» деп атайтын. Сабақ оқыдым, сәл қолым қалт етсе, анама көмектестім. Бірақ анам маған үйдің жұмысын көп істетпейтін. Өзімнен кейін екі інім бар. Сырттың жұмысын солар істеп үй ішіндегі тірлік анамнан артылмайтын еді. Ал, университет қабырғасында оқып жүріп группаластарым сияқты «2-3-курстан тұрмысқа шығу» дегенді ешқашан ойламадым. Бар ойым университетті де үздік бітіріп, ата-анамды қуанту еді. Көңілін білдіріп келген жігіттерге мойын бұрып қарағам да жоқ. Қалағаным болды. Университетті де үздік тәмамдадым. Тек оқу деп жүргенде уақыттың қалай зымырап өткенін байқамай да қалдым».
Нағима дипломын қолына алғаннан кейін анасының қалауы бойынша жұмысқа орналасқан. Тек алдыңғы қатарда жүруге үйренген қыз жұмыс орнында да үздік қызметкер болуға барын салады. Уақыт өткен сайын лауазымы да жоғарлаған. Қаржы тапшылығының не екенін білмейді.
«Жақсы жұмысқа орналастым. Екі ініме көмектестім. Олардың аяғынан тұруы үшін ата-анама жәрдем еттім. Уақыт өте келе көлік алдым. Содан кейін үйім де болды. Жақсы жалақы төлейтін жұмысым да бар. Қысқасы, не киіп, не ішем десем бәрі қолжетімді. Біраз шет елді де араладым. Енді қарасам жасым 36-ға келіп қалыпты. Анам жұмысқа орналасып, екі жылдан кейін тұрмысқа шығуымды қалайтынын айтқан. Ал, мені өз аяғымнан тік тұрып алмайынша бұл жағдай ойландырмайтын еді. Білесіз бе, кейде тұрмыс құруды ойланатыным рас. Бірақ дұрыс жігіт жоқ. Қазір сәл ақшасы бар қыздарға жасы кіші болса да жабысатын намыстан жұрдай жігітсымақтар көбейіп кеткен. Мен сонша уақыт өз еңбегіммен тапқан дүниемді түгі жоқ біреуге бере салғым келмейді. Шынайы сезім болса деймін. Мені бар болмысыммен жақсы көретін адам жолықса, қарсы болмас едім. Ал қазірге дейін кездескендердің бәрінің ойы бір. Егер рұқсат етсем, ұялмастан үйіме кіріп алуға дайын. Маған баршылық пен жоқшылықта да жанымда болатын адам керек. Ондай адам жолыққанға дейін жүре берем. Шынымды айтсам жалғыздыққа үйреніп те қалғанмын. Егер «жасым келе жалғыздықтан жалықсам, мүмкін бала асырап алармын» деп те ойлаймын. Ол жағы әзірге нақты белгісіз. Ал, дәл қазіргі өміріме өкпем жоқ. Өйткені көптің қолы жетпей жүрген біраз нәрсеге қолым жеткен адаммын».
Нағимадан «сіздің тұрмыс құрмай жүргеніңізге анаңыз өзін кінәлі сезінбей ме?» деген сауалымызға төмендегідей жауап алдық.
«Анам мені шектен тыс қатал ұстағанын айтады. Бірақ анама ренішім жоқ. Өйткені мен өзім де қыдыруға, көңіл көтеруге бейім адам емеспін. Сондықтан бұл жағдайға анамды ешқашан кінәлі санамаймын. Себебі бақытсыз емеспін ғой. Шүкір менде бәрі жақсы. Жұмыс істегенді жақсы көремін. Ең ұнатпайтыным — уақытымды босқа өткізу. Күнделікті күн тәртібімнің бір минутына дейін есептеп жоспар құрамын. Жоспар бойынша әрекет етемін. Бұл – маған кішкентайымнан қалыптасқан әдет. Денсаулығыма аса көңіл бөлемін. Соңғы жылдары спортпен шұғылданғанды әдетке айналдырдым. Тек пайдалы тағамдарды ішіп-жеймін. Сондықтан болар, сыртқы келбетім 36 жастан әлдеқайда жас көрінеді. Жасымды білмейтін адамдар 25 жасар қыз деп ойлайды. Бастысы отбасым бар. Ата-анам, бауырларым жанымда. Қандай жағдай болмасын жанымнан табылады. Солар аман болсын, басқа ештеңе де керек емес. Бауырларымның тәп-тәтті балапандары бар. Оларды жанымнан артық жақсы көремін. Сондықтан мен өзімді «жалғызбын» деп айту ұят. Әлі жаспын ғой. Өмір тосын сыйларға толы. Мен жақсылыққа сенемін».
«Басты мақсатым — бауырларымды жетілдіру еді»
Ал Гүлназдың (кейіпкердің өтінішімен аты өзгертілді) жасы алпысты алқымдаған. Оның бұған дейін тұрмыс құрмауының себебі анасына көмектесіп, бауырларын жетілдіру болыпты.
«Біз үйде 8 бала болдық. Үш қыз бес ұл. Мен үйдің тұңғышымын. Әкеміз анам сегізінші баласына аяғы ауыр кезде өмірден озды. Кілең шуылдаған кішкентай балалармен анам жесір қалды. Анамның жалғыз сүйенері мен болдым. Ол кезде адамдардың бір-біріне көмек қолын созуы да қиын. Жалпы елдің жағдайы мәз емес еді. Әркім өз күнін өзі көреді. Біз Түлкібаста ауылды жерде тұрдық. Үйдің тұңғышы болғандықтан барлық ауыртпашылық маған түсті. Бауырларымды асыру үшін кішкентайымнан жұмыс істедім. Сонымен қатар, колледжде оқыдым. Үш жылдан кейін «акушер» мамандығымен оқуымды аяқтадым. Әрқайсысының тамағы, киер киімі, оқуы деп жүріп уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппын. Бәрін жетілдіруім керек болды. Бірінші мақсатым – бауырларымды білімді етіп өсіру және ешкімнен кем қылмау еді. Жатпай-тұрмай еңбек етіп барлығын оқыттым. Шүкір бәрі де оқыған-тоқыған сауатты болып өсті».
Гүлназ бауырларын оқытқаннан кейін де өмірін оларға арнаудан жалыққан жоқ. Одан кейін інілерін ұяға, сіңлілерін қияға қондыру үшін тағы да тер төгуіне тура келіпті.
«Өзімді бір сәт ойламадым да. Бес інімді оқытып, келін алдық. Екі сіңлімді құтты орнына қондырдық. Шүкір бүгінде барлығы отбасылы, үбірлі-шүбірлі. Анам екеуміздің арманымыз орындалды да. Бауырларымды жеткізген соң, өзіме зер салсам елуден асып кетіппін ғой. Өзім де өте кірпияз болдым. Дәрігер болғандықтан шығар, тазалыққа аса мән бердім. Өмірімде жолыққан жігіттердің көбі тазалық жағынан сыннан өтпей қалды. Бір жігіттің тырнағының астындағы кірді көріп ұнатпай қалғаным бар. Адам жасы келген сайын талғампаз болып кетеді екен. Жігіттермен де жасым келіп қалғаннан кейін жолығып көрдім. Ол кезде әйелі қайтыс болған немесе әйелінен ажырасқан адамдар сөз салады. Шынымды айтсам, мен қалған өмірімді тағы асыраушысыз қалған балаларға арнағым келген жоқ. Бауырларымды жетілдіре жүріп, қаладан үй алдым. Өз жағдайымды да жасадым. Анам шаршамасын, сол жыламасын деп әрқашан қасынан табылдым».
Дегенмен Гүлназ ханым бүгін жалғыз емес. Анасының айтуымен ең кішкентай інісін қолына алған. Бүгінде інісінің келіншегі оны анасындай көріп, сәлемін салып, шайын қайнатады. Балтыры сыздаса уқалап, басы ауырса жанынан табылады. Ал інісінің балалары оны «әже» деп атайды.
«Бір күні анам кішкентай інімді үйлендірген соң менің қолыма беретінін айтты. Ол кезде алпысқа жақындап қалған кезім. Келісімімді бердім. Келінімді өз шаңырағыма түсірдім. Анам кенже келініне мені «мама» деп айтуын қалаған. Ал інім кішкентайынан «әпке» деп атайды. Немерелерім «әже» дейді. Қазір солар үшін өмір сүремін. Ендігі қалған ғұмырымда тек немерелерімнің жағдайын жасауға арнаймын. Өмірде шынайы ана болу бақыты бұйырмады. Сол үшін қатты өкінемін, әрине. Бірақ маңдайыма жазылған тағдыр осы болса, қарсы шыға алмаймын ғой. Бас-тысы бауырларым аман болсын».
Бала асырып алу мәселені шеше ме?
Айсұлудың жасы 52-де (кейіпкердің өтінішімен аты өзгертілді). Айтуынша ол да тек карьераның соңына түскен. Жас кезінде тұрмысқа шығу ойында да болмапты. Ата-анасына көмектесіп, жағдайын түзеп алуды мақсат тұтқан. Арманына жетті де. Алдыңғы екі кейіпкеріміздей Айсұлуда да бәрі бар. Кең сарайдай үйі, жоғары жалақы төлейтін қызметі, қымбат киім, керемет көлік. Дүние-мүлік жағынан ешкімнен де кем емес. Бір кем дүниесі – тұрмыс құрмағандығында. Оның себебін өзі жұмысқа аса беріліп кетуімен байланыстырады.
«Оқуда үздік болдым. Университетті есепші мамандығы бойынша қызыл дипломға бітірдім. Ұзақ жылдар бойы қаламыздағы емдеу мекемелерінің бірінде бас есепші болып қызмет етіп келемін. Тынбай еңбектенудің арқасында өзім қалағандай өмір сүріп жатырмын. Жағдайымды жасап, өз-өзімді жеткізіп жүргенімде жасым 45-ке келіпті. Оған дейін өмірімде жолыққан еркектердің әйтеубір бір нәрсесі ұнамайтын. Сондықтан көп жігіттермен кездесуден бас тарттым. Ойымдағы жігіт жолықпады. Бірақ уақыт өте келе анам, бауырларым болса да, өз отбасың болуын армандайды екенсің. Әсіресе ана болғым келді. Бірақ айналамда тұрмысқа шығатындай адам болмады. Бір күні жағдайы онша болмаса да өзіме күйеу табуым керек деп ойладым. Үйіміздің жанында аяқ киім жөндейтін адам бар еді. Сол кісіні «ешкімі жоқ» деп еститінмін. Бір амалын тауып таныстым. Көңіл қостық. Үйімнің есігін аштым. Өмірімнің қалғанын сол адаммен өткізуге бел будым. Әдемі киіндіріп, сақал-мұртын алып күтімін жасағанымда құрбыларым «бұл да адам екен ғой» деп айтқаны әлі есімде. Бірақ ол адам қадірімді білмеді. Бірден өзі өмірінде тұрмақ түсінде көрмеген өмірге тап болғанды көтере алмай ішкілікке салынып кетті. Қоятын шығар деп күттім де. Бірақ ол үмітімді ақтамады. Жұмыстан шаршап келсем, үй ішін шашып, сасып жатады. Бір күні «осы кезге дейін жиғанымды бір қаңғыбасқа қор қылмайын» деп үйден қуып шықтым. Одан кейін үйленуді ойыма да алған жоқпын. Жоқшылықтың не екенін білетін адам осылай жасаса басқасы не істемейді?».
Осылайша еркектерден көңілі қалған Айсұлудың ендігі арманы бала асырап алу болады. Осы бір үмітпен жүргенде інісінің әйелі алтыншы баласына аяғы ауырлайды. Алдыңғы бесеуі де қыз болғандықтан алтыншысының да қыз болғаны келініне оңайға соқпапты.
«Шынымды айтсам, бұл жолғысы да қыз бала болады дегенде қуандым. Өйткені ұл болса, бермейтіні анық еді. Анамның арқасында алтыншы қыздарын маған беретін болды. Әрине, ет жүрегі баласын кез келген ана оңайлықпен қимайтыны анық. Алғашында бергісі келмеді. Кейін анамның өтінішімен берді. Алғаш қолыма алғанымда кіп-кішкентай еді. Өте нәзік. Ет жүрегіңді елжіретіп жібереді. Басқаша күйде болдым. Мүмкін ана болу сезімі сол шығар. Содан бері өмірімнің мәні де сәні де қызым. Бірден атыма жазғызып алдым. Қазір 8 жаста. Бар жан-тәніммен әлпештеп өсіріп отырмын. Ештеңеден кем қылмадым. Көзім тірі болса қылмаймын да. Ерекше жақсы көремін. Ол келгелі өміріме шаттық орнады. Құрсағымды жарып шықпаса да маған ана болу бақытын сезіндірді ол. Енді тек қызым үшін өмір сүремін».
Міне, әр адамның өмірі — бір тарих. Әр қайсысының тағдыры әр басқа. Тұрмыс құрмаған нәзік жанды арулардың әрқайсысының күйеуге шықпауының салмақты себебі бар. Бұған біздің кейіпкерлермен әңгімелесу барысында көзіміз жетті. Десек те, әрбір адамның өмірі өз қолында екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан да, бәрін тағдырға сырып қоймай уақытында дұрыс шешім қабылдап, әрекет ету керек. Әйтпесе, бармақ тістеп, өкініп қалуыңыз ғажап емес.
Қадірменді оқырман, сіз не дейсіз? Тақырыпқа алып-қосарыңыз болса, әдеттегідей оқиғаңызды баян етуге шақырамын. Біз мақаланы сіз ұсынған құпиялық талапты сақтай отырып жариялаймыз. Хабарласыңыздар, күтеміз.
Жанерке Хумар
«Оңтүстік Рабат» газеті, №39, 26 қыркүйек 2018 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті