Мүгедек жандар дертін дәлелдеу үшін күндеп, тіпті апталап кезекке тұруға мәжбүр. Арнамызға осылай деп шағымданған кембағал жандар биыл дәрігерлік еңбек-сараптау комиссиясынан өту мұңға айналғанын айтады. Құжат тапсыру үшін таңғы алтыдан, кеш батқанша комиссия жайғасқан ғимараттың есігін торуылдап жүр.
Кезек күте шаршағандардың арасында Маргуба Юсупбекова да бар. 3 жылдан бері ІІ-топ мүгедегі болып есепте тұрады. Айтуынша, бұған дейінгі жылдары, комиссияның қабылдауына еш қиындықсыз келіп, тексерілген.
Маргуба Юсупбекова, ІІ-топ мүгедегі: «Әр күн сайын келеміз. Ұзын сонар кезек. Мен таңғы сағат 5-6 да келе алмаймын. Күн жылынбай үйден шыға алмаймын. Аяғыма гимнастика жасауым керек. Мен аурумын. Біздің әр дәріміз 50 000 теңге тұрады. Сонда күнде-күнде қайта беруім керек па? Өлуім керек па?».
Ал мүгедек жандарды жылына екі рет жинап, құжатын құнттайтын комиссия мүшелері жағдайды маман тапшылығымен түсіндіреді. Әрі дәрігерлік еңбек-сараптау тексерісінен өткізу тәртібіне өзгеріс енгізілгенін алға тартты.
Фарида Оспанова, Дәрігерлік еңбек-сараптау комиссиясының №5 бөлімшесінің бас маманы: «Мемлекеттік қызмет көрсету заңына байланысты әрбір науқасты 45 минут бойы қабылдау қажет. Демек, күніне шамамен 10 шақты ғана адам қабылдай аламыз. Ал Сайрам ауданының тұрғындарының жалпы саны 349 мың адам. Мысалы, бізге қарайтын Арыс ауылы бар. Ол Шымкент қаласының қасында. Ол жақтан жетудің өзі мұң. Ауру адам үшін оның өзі де қиындық қой. Бізде қазір бар — жоғы 3 адам ғана жұмыс істейді. Оның біреуі еңбек демалысында. Екеуміз міне өздеріңіз көріп отырғандай түскі үзіліссіз жұмыс істеп отырмыз».
Қабылдау комиссиясы үзіліссіз жұмыс істейтінін мәлімдеді. Барынша сабыр сақтаса, барлығы кіріп, тексерілетінін жеткізді. Ал маман жетіспеушілігі мәселесі жақын арада шешілетінін айтып сендірді.
Меруерт Ахан