Мүгедектерге берілетін әлеуметтік төлем 30 пайызға артады

178

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі еңбек жарамдылығын жоғалтқан, асыраушысынан айырылған адамдарға берілетін орташа әлеуметтік төлемнің мөлшерін 30 пайызға көбейтуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Өткен жылы біз әлеуметтік қолдаудың ауқымын айтарлықтай арттыра білдік. Үкіметке 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекке жарамдылық қабілетін жоғалтқан, асыраушысынан айырылған адамдарға берілетін орташа әлеуметтік төлемнің мөлшерін МӘСҚ есебінен 30 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Мәдина (Әбілқасымова — авт.), бұл жұмысты жүргізуге бола ма?», — деді Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне.

Өз кезегінде Мәдина Әбілқасымова бұл бағытта заң жобасы әзірленгенін, наурыз айында Парламентке енгізуге дайын екенін айтты.

«Сонымен бірге, мүгедектердің құқығын қорғау сапасын арттырудың ұлттық жоспары да бар емес пе?!», — деді Президент. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі аталмыш ұлттық жоспар Қазақстанда тұңғыш рет кешенді интеграциялық жоспар ретінде жасалып жатқанын жеткізді.

«Ол мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау, инклюзивті білім беру, жұмысқа орналастыру, кедергісіз орта, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру салаларын қамтиды», — деді министр.

Еске сала кетсек, Үкімет үйінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп өтті.