«Педагог мәртебесі» туралы Заң қандай болуы керек? Мұны ұстаздардың өзі талқылап жатыр. Ұсыныстарын айтып, өздеріне жағдай жасап алуға да тырысуда. Әсіресе, отыз жылдан аса тәжірибесі бар оқытушылардың зейнетке жіберу тұсын қолдайтындар көп.
Жиын барысында білім қызметкерлері негізінен осы өзгеріске тоқталды. Еске сала кетейік, жаңа заңда еңбек өтілі 30 жыл болған оқытушыларды демалысқа жіберу қарастырылған болатын.
Ұстаздардың бірі «30 жылдық еңбек өтілімен шығуды қолдаймыз. Барлығымыз да қуанып жатырмыз. Мектебімізде үлкен ұстаздар бар. Олар тіпті 36, 46 жыл мектепте жүр. Оны көрген жас мұғалімдердің ынтазы азаяды» дейді.
Қолдау білдірумен қатар мұғалімдер өз ұсыныстарын да жасады. Мәселен, оқытушылар толығымен электронды жүйеге өтуге қарсы. Себебі, жасы ұлғайған ұстаздар үшін бұл серпіліс тиімсіз. Олар өздері үшін қиындық туғызатын цифрлы жүйемен қатар бұрынғы қағазбастылықтың қалғанын қалап отыр.
«Күнделік.кз қолданып жатырмыз. Бірақ, ауылдағы мектептерде, шалғай орналасқан жерлерде интернет жүйесі өте қиын. Оны қолдану үшін мобильді телефон қажет. Кейде үлкен апайлар бізді көмекке шақырады» дейді жас ұстаздар.
Бақыт Еркінбек, Қазақстандық салалық білім қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық комитетінің төрағасы: «Заңның ең алдымен тұжырымдамасы дайындалды. 5 минирстрліктен қолдау тапты. Қазіргі таңда заңның жобасы дайындалды. Халыққа әлеуметтік желі арқылы таратылып, талқылау жүріп жатыр».
Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының өткізген «Дөңгелек үстелі» тек осы тақырыптармен шектелген жоқ. Басын шолған біраз мәселені комитет енді одаққа жібереді. Заң жобасы талап тілектерді қарастырып қана қабылданбақ.
Назерке Үкібасова