Мұғалімдердің мәртебесі туралы заңның қашан қабылданатыны белгілі болды

493

Мұғалімдердің мәртебесі туралы заң осы жылдың маусым айында қабылдануы мүмкін. Бұл туралы бүгін елордадағы №59 мектепте өткен қоғамдық тыңдау барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта құжат мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің келісімінен өтуде. Сонымен қатар мұғалімдерден ұсыныс қабылдау жұмысы да жалғасуда. Жалпы, заң жобасы ақпан айында Парламент Мәжілісі депутаттарының қарауына енгізіледі. Оған дейін Үкіметте талқыға түседі. «Ақпан айының басында заң жобасы Мәжіліске енгізіліп, онда депутаттар құжатты ары қарай өңдейді. Содан кейін Сенаттың қарауына өтеді. Ал маусымда еліміздің Президенті аталған заң жобасына қол қоятын болады. Оған дейін 300 мың педагог оны тыңғылықты оқып, зерделеп, өз ұсыныстарын енгізулері қажет», — деді вице-министр.

Э.Суханбердиеваның сөзіне қарағанда, заң жобасымен 60-тан астам мұғалім жұмыс істеді. Олардың қатарында барлық санаттағы ұстаздар болды. «Топ шетелдердің, оның ішінде Финляндияның ұқсас заңдарын зерделеп шықты. Дегенмен, негіз ретінде ТМД-ның педагог мәртебесі туралы модельдік заңы алынды және осы заңға біз өзіміздің түзетулерімізді енгіздік»,- деді ол.

Оның дерегінше, заң жобасын әзірлеу барысында 8 мыңнан астам ұсыныс түскен. Қазіргі уақытта заң жобасы заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның талқылауынан өткен. «Әділет министрі оны күрделендірмеуді өтінді. Кез келген заңның заңдық тұрғыда сауатты жазылатындығы түсінікті. Дегенмен, бұл заң мұғалімдерге арналғаннан кейін осындай өтініш болды. Бұл заңның әрбір мұғалімге қолжетімді әрі түсінікті болуы үшін жасалды», — деді ол.