Мақта зиянкестерімен күресуде биологиялық тәсілдер талқыланды

772

Мақтаарал ауданындағы Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында мақта зиянкестеріне қарсы күресуде биологиялық әдістерді дамыту бойынша облыстық семинар-кеңес өтті.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев және ғалымдар, ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылығы бойынша мамандар, шаруалар алқалы жиынға қатысты.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында адам денсаулығын сақтауға, экологиялық таза өнімдерді тұтынуға, қоршаған ортаның экологиялық таза болуына аса көңіл бөлінгенін Н.Бадырақов атап өтті. Жиында алғаш сөз бастаған басқарма басшысы Республикада халықтың тығыздығы бойынша көш бастайтын Мақтаарал, Жетісай аудандарында зиянкестермен күресуде химиялық тәсілдерді қолдану тұрғындардың денсаулығы үшін өте зиян екендігін, сондықтан алдағы уақытта биологиялық тәсілді қолдануға мемлекет тарапынан үлкен көмек берілетінін еске салды.

Жиында сөз алған Мақтаарал ауданының әкімі Б.Асанов өңірде биологиялық тәсілдерді дамыту бойынша 2018 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

«Өткен жылы мақталы өлкеде 26 959 гектар алқапта биологиялық әдіс, 32 306,4 гектар алқапта химиялық әдіс арқылы зиянкестерге қарсы күрес жүргізілді. Қазіргі таңда өсiмдiктердi қорғау мақсатында биоагенттер және биопрепараттар өсірумен, өндірумен және таратумен айналысатын 2 биофабрика, 4 биозертханалар жұмыс жасауда.2018 жылы биофабрикалар мен биозертханаларда 89 387 грамм трихограмма 27,5 млн дана алтынкөз, 34,3 млн дана браккон өндірген. Мемлекет тарапынан биоөнімдердің құнын арзандату мақсатында 61 608 064,3 теңге көлемінде субсидия төленді» – деді Бақыт Насырханұлы.

Семинар барысында мамандар фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл Мақтаарал ауданы бойынша мақта көбелегіне 16 000 гектар, өрмекші кенесіне 6 900 гектар химиялық өңдеуге жататынын болжап отырғандарын айтты. Сондай-ақ, шаруалар тарапынан өңір жағдайына сәйкес биотәсілді енгізу арқылы өсімдік зиянкестерімен тиімді күресу үшін биофабрикалар мен биозертханаларды лицензиялау және биоагенттерді сертификаттау қажеттілігі мәселе ретінде көтерілді.
Айта кетейік, республикамыздағы халқы ең тығыз орналасқан аудандардың бірі болып табылатын Мақтаарал ауданында 7 мыңнан аса шаруа қожалықтары бар.

Тұрғындардың негізгі күн көрісі – ауыл шаруашылығы дақылдардарын өндіру. Осы орайда мақта және басқа да дақылдардағы зиянкестермен күресу үшін химиялық препараттар емес, биологиялық тәсілдерді қолданудың маңызы зор.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі