Түркістан облысының полицейлері құны бірнеше миллион теңге болатын төрт түлікті ұрлаған күдіктілерді ұстады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру мақсатында өткізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлері бос жайылымдарда жүрген жылқыларды қолды еткен ұрыларды құрықтады.
Осылайша, 20 қаңтар күні Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлері өткізген іс-шаралар барысында жергілікті базарлардың бірінен мал сатып тұрған күдікті екі жігітті байқайды. Олардың тексеру барысында тәртіп сақшылары ұрланған үй малы екенін анықтап, күдіктілерді құрықтайды.
Олардың Мақтарал ауданының төрт тұрғыны екендігі анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Полицейлер күдіктілердің Мақтарал ауданының бос жайылымынан 14 жылқыны ұрлағанын анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы 6 милиионнан астам теңгені құрап отыр.
Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 188 «ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауда.
Айғақты зат ретінде алынған ұрлықы жылқыларды полицейлер заңды иелеріне тапсырды. Полицейлер олардың тағы да басқа қылмыстық жайттарға қатыстары бар-жоқтығын анықтау үстінде.
Өз кезегінде мал ұрлығы қылмыстарын азайту мақсатындағы үшжақты меморандум аясында Сарыағаш ауданында құқықтық тәртіпті күзету мен мал ұрлығының жолын кесу үшін қоғамдық көмекшілер отряды (сарбаз) құрылды. Осылайша, Сарыағашта салтанатты жағдайда әкімнің қатысуымен сарбаздар құрамындағы 60 ерікті көмекшілерге арнайы форма мен көмекші ретінде куәландыратын қызметтік куәліктері табысталды.
Сарбаздар полицейлермен бірлесіп мал ұрлау қылмыстарын азайту, ескерту үшін және қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін аудан аумағын күзетеді.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жеке мүліктеріңізді сақтауда ұқыптырақ болуды естеріңізге салады. Төрт түліктің ұры-қарының жемтігіне айналмас үшін бос жайылымдарда қараусыз қалдырмай, қора жайларды бекітіп, шопан жалдау керектігін айтады. Оған қоса малдарға ен мен таңба жасатуды да ұмытпау қажет.
«Егер де сіз кез-келген қылмыстық оқиғаның куәгері немесе құрбаны болсаңыз тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіз»-деп ескертеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.