Жұртшылық нотариустың қызметін жиі пайдаланады. Нотариатқа жүгінбейтін адам кемде-кем. Үй, көлік сату, құжат ресімдеу, мұрагерлік, келісім-пәтуә секілді азаматтық істердің барлығы да осы нотариуссыз бітпейді. Халықаралық талаптар негізінде 16 мың тұрғынға 1 нотариус қызмет көрсетуі тиіс. Облыстық Әділет департаментінің мамандары бізде нотариус саны жеткілікті екенін айтады. Көп болғаны да жақсы. Бәсекелестік күшейеді. Дегенмен заңдық тұрғыда күші бар құжатты куәландыратын нотариустар заңсыз әрекеттерге жол беретіні бар. Нотариус қызметінен бастап оларды бақылау мен лицензия беру, алуға қатысты сауалдар жетерлік…
Нотариус ұсынатын қызметтер
Бүгінде нотариусқа жүгінетіндердің басым бөлігі құжаттың көшірмелерін куәландыруға келеді екен. Ал нотариустардың атқаратын қызмет аясы кең. ҚР «Нотариат туралы» заңына сәйкес нотариустар келісімшарттарды, жеке тұлғалардың арыздарын және де басқа құжаттарға қойылған қолдардың түпнұсқалығын, сенімхаттарды куәландырады, өсиеттерді, мұрагерлік істерді ашады, мұрағаттық істер бойын-ша мұрағаттық құжаттарды береді. Аталмыш қызмет түрлері «Нотариат туралы» заңның 32-және 34- бабында көрсетілген. Заң 1997 жылы 14 шілдеде қабылданған. Сондай-ақ, ҚР «Нотариат туралы» Заңына сәйкес:
Нотариус
1. Мәмілелерді,
2. Шаруашылық серiктестiктерiнiң құрылтай құжаттарын куәландырады,
3. Мұраға сенiмгерлiк басқарушыны тағайындайды,
4. Мұраға құқық туралы куәлiктер бередi,
5. Ерлi-зайыптылардың және ортақ бiрлескен меншiк құқығындағы мүлкi бар өзге адамдардың ортақ мүлiктегi үлеске меншiк құқығы туралы куәлiктер бередi,
6. Мүлiктi иелiктен алуға тыйым салады және салынған тыйымды алып тастайды,
7. Құжаттардың бiр тiлден екiншi тiлге дұрыс аударылғанын,
8. Азаматтың тiрi екендiгi фактiсiн куәландырады,
9. Азаматтың белгiлi бiр жерде болу фактiсiн куәландырады,
10. Ақшаны депозитке қабылдайды,
11. Атқарушылық жазбаларды жасайды,
12. Дауды реттеу туралы келісімді куәландырады.
Кімдер нотариус болады?
Әрине нотариаттық қызмет атқару үшін де қойылатын талаптар жеткілікті. Бұл үшін: Үміткер 25 жасқа толған ҚР азаматы болуы керек. Заң саласы бойынша білімі бар болуы тиіс. Тек дипломы ғана емес заң мамандығы бойынша екі жыл жұмыс өтілі болуы керек деген талабы да бар. Құжаттарын түгендеп болған соң, нотариус болуға үміткер нотариаттық палатада тағылымдамадан өтеді. Одан тек заң білімі барлар ғана өте алады. Тағылымдамадан өту мерзімі — 1 жыл. Егер үміткердің жұмыс өтілі 5 жыл болса, тағылымдамадан өту мерзімі 3 ай болады. Одан өту үшін ай сайын 10 АЕК (24050 тг) төлеуі қажет. Одан кейін тиісті құжаттарды тапсырады. Диплом, еңбек кітапшасы, наркологиялық, психодиспансерде тіркелмегендігі туралы анықтама әлбетте сұралады. Құжаттарды қағаз түрінде емес, электронды түрде өткізеді.
Бұдан кейінгісі — аттестациядан өту. Әділет департаментінің жанында аттестаттау комиссиясы құрылған. Оның құрамына нотариаттық палатаның төрағасы, Әділет департаменті басшысының орынбасары, бөлім басшысы кіреді. Аттестаттау комиссиясының отырысы тоқсанына бір рет өткізіледі. Жұмыс істеп жатқан нотариустарды қайтадан аттестациядан өткізу қарастырылмаған. Одан өту екі кезеңнен тұрады. 100 сұрақ топтастырылған тест тапсырады. 70 пайыз дұрыс жауап берсе, өтеді. Егер аттестациядан өте алмай қалса. онда 1 жылдан кейін қайтадан өтуге құқылы. Ал нотариус лицензиясы қанша уақытқа берілетіні қызықтырса, ол мерзімсіз уақытқа беріледі.
Қызметақысы қанша?
Нотариустар қызмет көрсету барысында асырып баға қоя алмайды. Құжаттарды куәландырса, 2 АЕК-ке тең соманы яғни, 4810 теңге төлейді. Бұл Салық кодексінде нақтыланып көрсетілген. Нотариус қосымша техникалық қызмет көрсетсе, яғни, ксерокөшірме жасап, компьютерде терсе, онда қосымша төленеді. Қандай қызмет көрсеткені үшін қанша ақы алатындығы «Нотариат туралы» ҚР Заңының 32-бабында көрсетілген. Ауылдық округтердің лауазымды тұлғалары тек мемлекеттік баж алады. Олардың қызметтері нотаруисқа қарағанда арзанырақ болады…
Қаладағы нотариустық кеңсенің жетекшісілерінің бірі Кәмшат Қаңлыбаева бүгінде қызметтеріне жүгінетіндердің көп екенін, олардың басым бөлігі сенімхатты рәсімдеуге келетінін айтады. «Әрі нотариустық қызмет атқару барысында қызмет ақысын асырып баға қою мүмкін емес. Өйткені бәсекелестік басым. Белгіленген тариф бойынша қызмет ақысын аламыз», — дейді.
Нотариус бола алмайды!
Әрине заң шеңберінде қызмет атқаратын жауапты салада жұмыс істеуге құқығы жоқтар да бар. Бұрын сотты болған, жойылмаған соттылығы бар азаматтар нотариус бола алмайды. Ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қозғалған, қысқартылған істер бойынша 5 жыл өткеннен соң ғана нотариус қызметімен айналыса алады. Бұдан бөлек нотаруистар ақылы қызмет түрлерімен айналысуға құқығы жоқ.
Заң бұзған нотариустар да бар
Нотариус қылмыстық iс бойынша айыпталушы ретiнде тартылған жағдайда, нотариус мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соққан нотариаттық iс-әрекеттер жасап, заң бұзғанда, кәсiпкерлiк қызметпен айналысқан жағдайда, шарттарды жасасу, өзгерту және бұзу кезiнде делдалдық қызмет көрсеткен жағдайда, азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасамай өз міндеттерін орындаған жағдайда және нотариустың мөрін басқа адамға берген жағдайда нотариустың лицензиясының күшi алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтатылады.
Негізінде «Нотариат туралы» Заңы бойынша Әділет департаменті тәртіптік жауапкершілікті қарамайды, Әділет департаментінің ұсынысы бойынша нотариаттық палата қарайды. Азаматтардың заңды тұлғалардың құқықтары, мүдделері бұзылған жағдайда Әділет департаменті Әділет министрлігіне нотариустың лицензиясының күшін 6 айға тоқтатуға ұсыныс енгізеді. Егер де нотариус өзінің әрекетімен жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаға қандай да бір материалдық зиян келтірсе, Әділет министрлігіне нотариустың лицензиясынан айыру туралы ұсыныс жібереді. Одан кейін Әділет министрлігі сотқа арыз беру үшін сенімхат жолдайды.
Биыл бірінші тоқсанда Әділет департаментіне заңсыз әрекеттерге жол берген нотариустарға қатысты 12 арыз шағым түскен. Олардың ішінде 4 арызда көрсетілген уәждер өз дәлелін тапқан. Осыған байланысты Әділет департаментінен Әділет министрлігіне 1 нотариустың лицензиясының күшін жою туралы ұсыныс жолданған. Әділет департаментімен Нотариаттық палатаға енгізілген ұсыныстар нәтижесінде 3 нотариус тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
Нотариустар да қылмыс жасайды
Былтыр бір нотариусқа қатысты сот азаматтық іс қозғап лицензиясынан айырған. Заңсыздыққа жол берген жағдайда заң басынан сипамайтынын біле тұра бір нотариус жер учаскесін сату құқығымен сенімхат берген. Бірақ тексеру барысында жер иесінің нотариусқа бармағандығы анықталған. Нотариус қожайынның келісімінсіз сенімхат ресімдеген. Ең сорақысы — әлгі жер учаскесі сатылып кеткен. Бұдан бөлек, нотариус сенімхатты иесінің қолдану мерзімі өтіп кеткен жеке куәлігінің көшірмесі негізінде куәландырған. Осындай заңсыздыққа жол берген нотариус лицензиясынан айырылыпты. Оқиғаға байланысты Қылмыстық іс қозғалған. Бір қызығы (әлде шыжығы) заң бұзған нотариусқа құқық қорғау органдары тарапынан қандай да бір шара қолданылмапты. Ал нотариусқа жүгінген жалған сенімхат жасатқан азаматтарға тиісті үкім шығарылып, бас бостандығынан айырылған. Нотариустардың арасында да темір тордың арғы жағына аттанғандары жоқ емес. 2 нотариус негізсіз іс әрекеттерді іске асырып, азаматтар келмесе де сенімхат толтырған. Шымкент қаласының және Сарыағаш ауданының екі нотариусына қылмыстық іс қозғалып, бас бостандығынан айырылған.
Лицензиядан айыру қалай жүзеге асырылады?
Лицензиядан айыру «Нотариаттар туралы» ҚР Заңының 10, 11, 12-баптарында көрсетілген. Нотариустың жұмысын 3, 6 ай мерзімге тоқтатуға пәрмен беретін де бап бар. Егер нотариус бірнеше мәрте заңды тұлғаларға, мемлекетке залал келтіретін нотариаттық іс әрекеттерді іске асырған жағдайда онда лицензиясынан айырылады. Егер нотариустың жұмысы 3 рет тоқтатылған жағдайда лицензиясынан мүлдем айырылады. Әділет департаментіне жалған ақпарат беріп, лицензия алған жағдайда да заңды құқығынан айырылу қаупі бар. Егер соттылығын жасырып, жалғандыққа жол берсе де лицензиясымен қош айтысады. Бұдан бөлек, «Нотариат туралы» заңының 12-бабында көрсетілгендей: Нотариус қайтыс болса, ҚР азаматтығынан шығарылса, үстінен қылмыстық іс қозғалса, сот органдары үкім шығарса. онда лицензиясының күші тоқтатылады.
Негина Клышпаева, ОҚО Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету бөлімінің басшысы, «Қазақстанның заңгерлер одағы» РҚБ-нің мүшесі:
– Нотариаттық палата жеке практикамен айналысатын нотариустардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiру және қорғау үшiн, сондай-ақ нотариаттық iс-әрекеттер жасау кезiнде нотариат туралы заңдардың орындалуына бақылау жасау үшiн құрылатын коммерциялық емес, кәсiптiк, өзiн-өзi қаржыландыратын ұйым болып табылады. Нотариаттық палатаның қызметi «Нотариат туралы» Заңмен және жарғымен реттеледi. Нотариуспен жасаған нотариаттық iс-әрекеттерiнiң заңдылығын және iс жүргiзу ережелерiн сақтауын бақылауды Әділет департаменттері жүзеге асырады. Нотариустың қызметін бақылау ҚР Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Қазіргі таңда Әділет департаментімен нотариустардың қызметіне қатысты жоспарлы тексерулер өткізілмейді, тек қана заматтардың немесе заңды тұлғалардың арыздары бойынша тексерулер жүргізіледі.
Нотариустар қызметін тексере ме?
Нотариусқа қатысты тексерулер Кәсіпкерлік кодексін негізге ала отырып жүргізіледі. Яғни, Кәсіпкерлік кодексі қабылданғалы бері Әділет департаменті жоспарлы тексерулер жүргізбейді. Азаматтардан арыз-шағым түссе ғана тексеруге құқы бар. Тексеру статистика және арнайы есепке алу комитетінде тіркеледі. Бұл жөнінде нотариусқа хабарлама жолданады. Нотариус міндетті түрде танысуы керек. Қатысқаннан кейін тексеру тағайындау туралы акт шығарылады. Содан кейін ғана тексереді. Азаматтар сенім телефонына хабарласып, арызданса, оларға Әділет департаментіне жазбаша түрде жолдау туралы өтініш айтылады. Келесі жылдан бастап жоспарлы емес ішінара тексеру жүргізіледі. Нотариусқа қатысты соттың шешімі шығарылса, одан бөлек тұтынушыдан арыз болса ішінара тексеру жасалады. Жоспарлы тексерулер соңғы рет 2013 жылы жүргізіліпті.
Ауылдардың нотариусы – әкімдік
Егер аудан-ауылдарда нотариус болмаса, онда «Нотариат туралы» ҚР заңы бойынша Әділет департаменті сол ауданда мемлекеттік нотариус штатын ашады. Ауылдық округ әкімдігінің аппараты мамандарына нотариустық қызметпен айналысуға Әділет департаменті рұқсат береді. Онда да қызмет аясы шектеулі. Нотариустық қызметтің тек 4 түрі бойынша яғни, сенімхат, көшірмелерді куәландыру, азаматтардың құжаттарға қойылған қолдардың түпнұсқалығын куәландыру, өсиеттерді рәсімдеу сынды қызметтерді жүзеге асырады.
Нотариустар медиацияға да бет бұрды
2017 жылдан бастап нотариустарға тағы бір қызмет түрі берілді. Нотариустардың медиациямен айналысуына болады. Кейбір нотариустар оқыту курсынан өтіп, сертификат алып медиатор болуда. Дәл осы қызметті қатар алып жүрген сала мамандары нәтижені оң бағалайды. Нотаристар арқылы дауды реттеу тәжірибесі тараптардың сотқа жүгінбей, шығын мен уақытты үнемдеуіне мүмкіндік беріп отыр. Оларға кәсіби медиаторлықты меңгеруі қиынға соқпаған. Бұл қызмет түрі мүлік және қаржы мәселелері бойынша азаматтық дауларды, банк пен коммуналды шаруашылықтар алдындағы берешек мәселелерін шешу үшін де қолданылуда. Бұдан бөлек, дауласқан тараптарды бітімгершілікке шақырып, татуластыруда нотариустар нәтижелі жұмыс атқаруда.
Талғат Тілепов, нотариус:
— Облыстық нотариаттық палатаның ұйымдастыруымен медиаторлық курс-та оқып, арнайы сертификат алдық. Медиаторлықпен айналысу үшін арнайы мөр алу керек. Қазақстан бойынша кәсіби медиаторлардың тізілім кітабы болады. Соған тіркелу керек. Медиация яғни, тараптарды татуластыру қызметінің қолға алына бастағанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен жемісті жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта өзімнің нотариаттық қызметімнен бөлек, медиаторлықпен айналысуға мүмкіндігім болмай тұр. Алдағы уақытта «нотариустық қызметімді тоқтатып, медиаторлықпен айналыссам» деген ойым бар.
Нотариустар жеткілікті
Бүгінгі таңда облыс бойынша 474 нотариус қызмет етеді. Әділет департаменті мамандарының айтуынша, нотариустар жетіспеушілігі жоқ екен. Бір нотариус ай сайын 193 іс әрекетті іске асырады. Осы жылдың 1-тоқсанында нотариустармен 274 591 нотариаттық іс-әрекет жасалынған. Бұрындары әр облыс не қалада қанша нотариус болуы керектігі жөнінде арнайы квота бекітілген екен. Бүгінде бұл қатаң ереже өзгертілген. Жыл өткен сайын нотариустар саны көбейіп жатыр. Бұл бәсекелестіктің бәсін арттырып, жұмыс сапасын жақсартады деген үміт басым.
Гүлжан ЖҰМАШ
«Оңтүстік Рабат» газеті, №18, 2 мамыр 2018 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті