Отырар қорық-музейі бірнеше көшпелі көрмелер қойды

964

Корея Республикасы Сеул қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен Корея Ұлттық музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясындағы «Ұлы дала мұрасы: Зергерлік өнер жауһарлары» атты бірегей көрмеге мұражай қорынан құнды 12 жәдігер қойылды.

Астана қаласы мен еліміздің бірнеше облыс орталықтарында тақырыптық көшпелі көрмелер табысты өтті.

Елордадағы «Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында «Киелі Отырардың қасиетті мұралары» тақырыптық көрмесі ашылды. Осы көрме бұдан кейін Жамбыл облысы «Ежелгі Тараз ескерткіштері тарихи-мәдени қорық-музейінде жалғасын тапты.
Атырау облысы тарихи – өлкетану музейінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Астананың 20 жылдығына орай «Киелі Отырардың мәдени мұралары» тақырыбында көрме қойылды. Осы көрме Маңқыстау облысы тарихи-өлкетану музейі мен Қызылорда облысы Салахиддин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында жалғасты.

Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Алматы музейінде төл валютамыз-теңгенің 25 жылдығына орай Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі, Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты және Алматы музейінің бірлесе ұйымдастыруымен «Қазақстандағы ақша айналымы: ерте заманнан бүгінге дейін» тақырыбында нумизматикалық жәдігерлер көрмесі ашылды.

Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім музейінде» Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында «Көне дәстүр және наным-сенім сабақтастығы» тақырыбында көрме ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Түркістан облысы мен Отырар ауданы көлемінде 30-ға жуық көшпелі көрмелер қойылды, дейді Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры Айбек Жандосов.