Күнгейдегі Отырар ауданын табиғаты тамаша деп айтуға келмес, шөлейтті болып келетін аудан шаруалары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Қойы қоңды, түйесі мен биесінің сүтін сауып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Маяқұм ауылында шұбат өндіретін цех ашып, бүгінде еліміздің түкпір — түкпірінен тапсырыстар қабылдауда. Жүгері, тары, өсіріп ерекше кәсіп түрімен де айналысып отырған отырарлықтар ауқымды жобаны қолға алды.
Аудан орталығынан ең шалғай орналасқан Балтакөл ауылында өткен жылы біршама игілікті істер атқарылыпты. Бұрыннан тары-талқанымен, балдай тәтті қауын-қарбызымен танымал балтакөлдік шаруалар өткен жылы өндірілген ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін кіші тары цехтарының қатарын тағы да 2 цехпен толықтырды.
Бүгінде «Батырбек ата», «Бақдәулет», «Досжан» цехтарының иелері өңделген өнімдерін яғни, тары, талқан және қауын қақ, қауын құрттарын аудан мен облысқа ғана емес, республика көлемінде таратуда.
Жазы аптап ыстық болатын шәуілдірлік шаруалардың еккен қауыны мен қарбызының дәмі балдай. Ал одан жасалған қауынқақ тіптен шырын. «Отырар – ұлылар мекені» сауда белгісімен шығарылатын өнімнің бағасы да аса қымбат емес. Әдемі қалташыққа оралған дәмді дүниенің бір қорабы – 300 теңге.
Былайғы жұртқа таңсық көрінетін қауынқақтардың өтімі де жақсы. Тапсырыс беретіндердің қатары да күн санап артып келеді.
Бақытнұр Дәулет