Шымкентте полицейдің өліміне айыпты деп танылған дәрігерге қатысты сот үкімі шықты. Ол екі жылға шартты жазаға кесілді. Сондай-ақ, үш жылға қызметінен шеттетілді. Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Жазаны оқыған Әл Фараби аудандық сотының судьясы, жәбірленуші тарап кешірім бергенін алға тартты.

Сотталушыға үкім кесілер алдын, оның бес баласы бары және бұрын соңды сотты болмағаны ескеріліпті. Өз кінәсін толық мойындаған. Марқұмның туыстарынан кешірім алып, материалдық және моралдық шығынын өтеген.

Еркін Оспанов, Әл Фараби аудандық сотының судьясы: «ҚР ҚК нің 317 бабы, 3-ші бөлігімен кінәлі деп танылып, 2 жылға шартты түрде жазасын өтеу тағайындалсын. Үш жылға медициналық қызмет көрсетуден шеттетілсін. Пробациялық есепте тұрып, қадағалансын».

Еске салайық, марқұм өткен жылдың қыркүйек айында жекеменшік клиникаға емделмек болып, ажал құшты. Тағайындалған ем дом, яғни иньекция қабылдау кезінде жағдайы нашарлап, отыздағы жігіт жедел жәрдем жеткенше жантәсілім еткен еді.

Арнайы сараптамалар нәтижесі тәжірбиелі дәрігердің ем шараларын дұрыс жүргізбегенін дәлелдеген. Егілген дәрілердің қабылдау шектігін сақтамағандықтан полицей жігіт анафилакткалық шок алғандығы анықталған.

Ем дом алдында аллергиялық сынама алынбаған. Кінәсі толық дәлелденген дәрігерді сот екі жылға шартты түрде жазалауға үкім шығарды. Жіне үш жыл қызметінен шеттетілді. Сот үкімімен экс – дәрігер жүз сағат қоғамдық еңбекке тартылып, пробациялық есепте қадағалауда болады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Жанар Есенбекова