Салықтық рақымшылықтың шапағатын шымкенттік кәсіпкерлер де көреді. Яғни, оларға айыппұлдар мен өсімпұлдар кешірілмек. Бұл жөнінде Шымкент қалалық кәсіпкерлік палатасында өткен жиында айтылды.

Жауапты өкілдердің айтуынша, шағын және орта бизнесте тер төгіп жүргендер мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктердің арқасында біршама қарызынан құтылып, салықтық тарихын тазартып алғалы отыр. Нақтырақ келесі сюжетте естіңіздер.

«Аспаннан шұға жауса да, кейбіріне шұлғау да тимейдінің» заманы өткен. Шағын және орта бизнес саласында нәпақасын айырып отырғандар салықтық жеңілдіктер жасалатынын естіп қуанып қалды. Оның да өзіндік шарты бар. 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін 2018 жылғы 1 қазанға дейінгі бастапқы қарыздарын өтегендер өсімпұл мен айыппұлдар кешірілетін болады.

Кайрат АКЕНОВ, кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары: «Рақымшылыққа сауда саласында, тау кен өндірісінде кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер ілігеді. 1 қазанға дейінгі мәлімет бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласында 340 млрд. теңге қарыз тіркелсе оның ішінде 210 млрд. теңгесі негізгі қарыз болып есептеледі. Негізгі қарыз бен өсімпұлдар 130 млрд. теңгені құрайды. Рақымшылыққа 90 шағын және орта бизнес өкілдері ілікпек. Оның 58 мыңы жеке кәсіпкерлер болса қалған 30 мыңы заңды тұлғалар болып табылады».

Сарапшылар нақтылағанындай, кәсіпкер бастапқы қарызын жапқан жағдайда айыппұлдар мен өсімпұлдар сол мезетте жойылады деп отыр. Бүгінгі таңда қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу Парламент сенатының қарауына ұсынылған.

Кәсіпкерлердің бірі «Қарыздарым бар болатын, соны төлемек едім. Қаңтар айынан бастап жеңілдіктер қарастырылып жатқанын біліп қуанып қалдым. 3 жылдан бері мал бордақылаумен айналысамын. 10 сиырым бар бүгінде. 2016 жылы 3 млн. теңге несие алдым. Оған 20 ірі қара сатып алдым. Бүгінде несиемнің бәрінен құтылдым» дейді.

Қаржы министрлігінің бекітуінен кейін арнайы тетік қарастырылып, бастапқы қарызды кешіру туралы арыз үлгісі қолданысқа енгізіледі. Салықтық рақымшылық осымен бесінші рет жасалып отыр. Елбасы халыққа жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субьектілеріне салықтық рақымшылық жасалатынын мәлімдеп, тапсырма берген болатын.

Г.Жұмаш