Шардараға түсіру тобын арнайы шақырған тұрғындар жүздеген шақырымды артқа тастап барған бізге өз назын камераға айтудан бас тартты. Сондықтан, бірден аудандағы кәріз жүйесінің жұмысына жауапты мекемеге хабарластық. Қаладағы шайынды судың қалай және қай жерге жиналатынын айтқан мекеме басшысы шағымның негізсіз екенін дәлелдеуге тырысты.
Құрманғазы Ақбаров, «Шардара сервис» МКК директоры: «Қаладағы көпқабатты үйлерден, мектеп, ауруханадан аққан су осындағы кәріз сорғыш странсасына КНС-қа- келіп жиналады. Көлемі 2 мың кубқа шақталған. Алайда ол қажеттіліктің 27 пайызын орындауда. Станса автоматты түрде жұмыс жасайды. Бұл сорғыш құрылғысы істен шықса, осында қосымша жинау құдығы бар. Электр жарығы сөнген бойда, резервтегі қондырғы қосылады».
Шардара су қоймасын кәріз сорғыш стансасынан көру қиын емес. «Құбырлармен аққан су осындағы арнайы коллекторға жиналады», дейді директор. Тұрғындардың «су қоймасы мен Сырдарияны ластады» деген шайынды суы бұл сайларда жиналған қар және жауын суы», дегенді алға тартты. Қаланың іргесіндегі «Әсем» шағынауданының жанында орналасқан шайынды суларды тазарту құрылымының да жұмысын көрдік. Мұнда қаладағы кәріз сорғыш стансаларынан аққан шайынды су бірнеше кезеңнен өтіп тазаланады екен.
Құрманғазы Ақбаров, «Шардара сервис» МКК директоры: «Шайынды суларды тазалау талапқа сәйкес жүргізілуде. Биотазарту қондырғысы жұмысы әлі өз деңгейінде емес. Өйткені «фекальдар» аз. Жекеменшік тұрғындармен келісімшарт түзіліп шайынды сулар толығымен бізге келіп түспесе, бұл қондырғыны өз қуаттылығында қоса алмаймыз».
«Биотазарту станциясының» толық қуатында жұмыс істеуін Шардара ауданының әкімдігі қамтуы тиіс. Есесіне, аудан орталығында жаңа тұрғын үйлердің және де әлеуметтік нысандардың қатары жыл сайын артуда. Олар пайдалануға тапсырылса, кәріз сорғыш стансалары толық қуатында істейді. Әзірге ол 27-28 пайызды ғана қамтып отыр.
Жұмыс жүйеленсе, елді дүрліктірген » шайынды сулар стратегиялық маңызды су қоймасына, Сырдарияға ағып жатыр» деген әңгімелердің негізсіз екендігіне тиісті мекемелер нүкте қояды. Бұл мәселеде де жауапкершілік — негізгі себеп екені даусыз!
Шынар Оразова