Кейіпкерлеріміз Мексерне мен Изабелла Қазақстанға білім қуып келіп, қазақ тілін жанына серік еткен жандар. Екі жылда қазақ тілін еркін меңгерген олардың өздерін құшақ жая қарсы алып, қолдаған қазақ жастарына алғысы шексіз. Әуелде бір ауыз қазақша білмейтін Мексерне мен Изабелла тілді қалай үйренді? Мұның жауабын өздерімен тілдесіп, білдік.

«Тіл үйренудің ең оңай жолы – сол тілде сөйлейтін ортаға, сол тілдің Отанына бару» деп бастады әңгімесін түрік жігіті Мексерне Шахин. Сол үшін 2016 жылдың қазан айында еш ойланбастан Қазақстанға білім іздеп келіпті. Мексерне Түркиядағы Трабзон қаласының тумасы. Қазір Қ. А. Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде «Журналистика» мамандығының 1-курсында оқиды. Екі жылда Мексерне қазақ тілінде еркін сөйлеуді үйренген. Айтарын оңай әрі ұғынықты жеткізе алатынына куә болдық.

Мексерне Шахин, студент:
– Бала күнімнен бәрін білуге құмар болып өстім.Жан-жағымда болып жатқан бар жайттың себебі мен нәтижесі қызық. Өзге ұлт өкілдерінің тілі мен әдет-ғұрпымен танысу – хоббиім. Мектеп бітіргеннен кейін, интернеттен шетелдік оқу орындарын іздей бастадым. Сол кезде Қазақстаннан біздің университетіміз жайлы ақпаратты көзім шалып қалды. 29 мемлекеттің жастары жалғыз білім ордасында оқитынын білгенде, еш ойланбас-тан «Қазақстанға келемін» деп шештім. Үйдің жалғыз ұлымын. Ата-анам қарсы болды. Ақыры келісті. Келгеніме өкінбеймін, керісінше қуанамын.

Қазақстанға келгенінде жатақханада түріктермен емес, қазақша білетін шетелдіктермен орналастыруын өтініпті. Сөйтіп, Қытайдан келген қазақ жігіттерімен бірге тұрып, жаңа достарына «қазақ тілін үйретіңдер» деп қолқа салып, екі аптада ауызекі тілде сөйлеп кетеді. «Барлығымен тек қазақша сөйлестім, қателескен кездерім болды, соңғы жалғауларын дұрыс айтпай, қазақ достарымды күлкіге қарық қылған сәттерім де аз болған жоқ», — дейді Мексерне.
Түркітілдес тілдер болғандықтын түрік тілі қазақ тіліне өте ұқсас. Сондықтан да аса қиналмады. Қазақ тілін білу арқылы ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрін үйреніп, ән-күйін, әңгімелерін сезінеді. Қазақстандық достары үшін ол – Макс.
Қазақ жазушыларының шығармаларын аудармасыз оқып түсінеді. «Қазақ тілін үйрену қиын» дейтіндер өз еріншектігін ақтап алғысы келетіндер, шын ынтаң болса, аз уақытта үйренесің, оқу ордамыздағы студенттер – сөзімнің дәлелі» деген Макс тілден емес, ауа-райының қолайсыздығынан қиналыпты.
«Түркістанның желі шыдатпай кеткенде Шымкентке барамын. Өйткені Шымқаланың климаты Трабзонның ауа-райына ұқсас» деген Макстың Шымкентте достары көп. Олардың еңбекқорлығына қызығады. Бірі жас та болса, көлік жөндейтін кәсіп ашып алған, енді бірі оқуымен қатар даяшы болып ақша табады. «Түркияда адамдар 30 жасқа дейін білім алып, кейін жұмыс істейді» деп күліп қояды. Ашық мінезді Макс болашақта Қазақстан мен Түркияның арасын жалғайтын білікті журналист болуды армандайды. Түркияға оралғанда үйреніп-білгенін отандастарына үйреткісі келеді.

Ал Изабелла Игнатьева Саха Республикасынан келген. Қазір ағылшын-түрік тілдері мамандығының 2-курс студенті. Изабелланы «кәріске ұқсайтын қазақ қызы» деп ойлайтындар көп. Үлбіреген арудың қазақша таза сөйлегенін көргенде сүйсінбеу мүмкін емес. Айтуынша, қазақша еркін сөйлеу деңгейіне жетуде көп қиналыпты.

Изабелла Игнатьева, студент:
– Біздің тіл қазақшаға ұқсамайды екен. Келгенімде қазақша бір ауыз сөз білмедім. Базарға, дүкенге барсам мені түсінбейді, бар білетін орысшаммен айтсам: «Қазақстанда тұрасың, қазақ бола тұра неге сөйлей алмайсың» деп ұрсатын. Мен оларға қазақ емес екенімді айтып түсіндіргенде, жылы қабақ танытып, көмек береді. Жатақханаға алғаш келгенімде қазақ қыздары жаныма келіп «Қазақстан ұнады ма, қиналмай жатырсың ба?» деп қайта-қайта жағдайымды сұрап, «сен бізге орысша үйрет, біз саған қазақша үйретеміз» деп айтты. Қазақ және түрік достарым көмектесті.

Оған дайындық факультетінің де көп көмегі тиіпті. Нәтижесінде 1,5 жылда еркін сөйлеуді меңгерген. «Тіл үйренуге таңғы уақыт өте тиімді» деген ол қазақшамен қатар түрік, ағылшын, орыс тілін қатар үйреніп жүр. Қай тілде де ойын емін-еркін жеткізеді. Бізбен де тек қазақ тілінде сұқбаттасты. «Ниет болса, тілді үйрену қиын емес. Қазақ тілін еркін білуім — көп көмегін тигізді» деген якут қызының сөздері жүрекке жылы тиді. Изабелла қазақ салт-дәстүрін қатты жақсы көреді. «Қазақ қыздары ет асып берді. Сол кезден бастап, «бесбармақ» сүйікті тамағыма айналды» деген Изабелла ет асуды да үйреніп алыпты.
Ол Қазақстандағы бірнеше қалада болған. Шымкентті жақсы көреді. «Ең әдемі әрі халқы мейірімді қала» деп біледі. Саханың суығында жайқалған гүлді сирек көретін Изабелла Шымшаһардың символына айналған түрлі-түсті қызғалдақтарды көргенде таңғалыпты.
«Қайта-қайта жанына барып, ұстап, иіскеп көремін. Тамаша гүл. Шымкент дегенде көз алдыма қызғалдақ елестейді. Якутиядағы туыстарыма фотосын жіберген кезде «ала кел» деп қалжыңдайды» дейтін Изабелла болашақта Түркияға аудармашы болып жұмыс істегісі келеді. Шымкент пен Түркістанға жиі қонаққа келіп тұруға уәде етеді.
Қос кейіпкеріміздің қазақ қыз-жігіттерімен біте қайнасып кеткеніне екі жыл енді болады. Десе олардың тілінде сөйлеп, бірге тамақтанып, қуаныштарына ортақтасып жүр. «Ең бастысы мұнда бізді «өзге ұлтсың» деп ешкім өзектен теппейді» дейді екеуі де сөздерінде. Қазақ тілін жетік меңгеріп, ортасымен еркін сұхбаттасып отырған студенттердің сөйлеу шеберлігі қазақ тілін қысқа мерзімде де үйренуге болатынына сенімді нығайтты.

Әлия ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат» газеті, №18, 2 мамыр 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті