«Шошқаның иісіне тұншығып отырмыз»: Тұрғындардың жанайқайы

687

«Шошқаның иісіне тұншығып отырмыз». Арна тілшілеріне арыздана хабарласқан «Тәуелсіздікке — 20 жыл» шағынауданы тұрғындары қысы-жазы қолаңса иістен зәразап болатындарын айтады. Ал иісі мұсылман үшін харам саналатын малмен қоса өзге де төрт тұяқтыны асырап бағатын шаруа қожалығындағылар жергілікті халықтың наразылығына қарамастан шаруасын кеңейтуге құлшынып отыр.

«Экологиялық апатқа ұшырадық деп шағынған тұрғындар шошқаның иісінен ауруға шалдығып жатырмыз» дейді. Қолаңса иістен тіпті жазда аулаға шыға алмайтындарын айтады. Ал сырқат жандар тіпті таза ауаға зар болып отырғандарын жеткізді.

Орынкүл, тұрғын: «Есік-тесікті жауып отырамыз. Сыртқа шыға алмаймыз. Бас ауруы бар мен сияқты науқастарға таза ауа қажет қой. Қысы-жазы қиналамыз. Бұл тұрғындар тіпті доңыз малының қашан жем жейтіндерін де біледі».

Бұл уақытта тіпті шошқалар шулап елдің мазасын алады екен. «Құқымыз аяқасты болып жатыр» деп шағымданған жергілікті жұрттың жанайқайы әкімдікке де жеткен.

Ақбөпе Инжанова, тұрғын: «Шымкент қаласы мен Абай ауданы әкімдеріне шықтық. Олар «Шошқа болмайды» деген. Алайда әлі бар. Кленкалары жыртылып, сол жерден жағамсыз иіс бүкіл ауылға тарап жатыр.

Тұрғындардың шағымданып отырғаны осы шаруа қожалығы. Мұнда қазір 50 шақты шошқаны асырап жатыр. Жиырма жылдан бері осы кәсіппен айналысатындар шаруашылықпен айналысуға рұқсат беретін құжаттарының барлығы түп-түгел екенін алға тартты.

«Экологияға жауапты мамандар жыл сайын жоспарлы түрде және жергілікті халықтың шағымымен де ұдайы тексерулер жүргізіп отырады» дейді серіктестік басшысы. «Алдағы уақытта кәсібімізді кеңейту үшін бір түгілі алты бағытпен несие алдық» дейді.

Сергей Терехин, серіктестіктің бас директоры: «Тұрғындар қолаңса иіс пен түрлі қолайсыздықтарды айтып шағымданыпты. Мен олардың арызын түсіне алмадым. Көршілермен келісімге келу үшін жұмыс та ұсындық. Ешнәрсеге келіспей отыр. Біздің тиісті құжаттармыз бар. Сондықтан, кәсібімізді жалғастыра береміз. Тіпті, өркендету үшін несие де алып қойдық. Оны төлеу керек шығар».

Тұрғындар өмір сүруге қолайсыз деп тапқан шағынауданнан көшіп кетуге де бейіл. Алайда, үйіміз өтпей жатыр дейді олар. Егер кәсіпкерлер шаруашылықтарын үлкейткісі келсе, бізден жылжымайтын мүліктерімізді сатып алсын дейді шағынаудан тұрғындары.

Мақпал Рысбаева