elitar.kz

Елді үнемі таң қалдырудан шаршамайтын Шымкент бұл жолы да көпті елең еткізіп отыр. Үшінші мегаполис тұрғыны цитрусты және тропикалық жемістерді өсіріп, кәсібін дөңгелету үстінде, деп хабарлайды Elitar.kz.

Бағбан Аслан Бектұрғанов туысымен бірге бұл істі алғашында хобби ретінде бастаған екен. Жылыжай салып, лимонның «Мейер» деген сортын егіп көреді. Қандай іс бастаса да нәтижесін көрмейінші жаны тыныш таппайтын бағбан алғашқы өнімді бес жыл күтіпті, бүгінде тұрақты клиенттері де бар. Лимон ерекше күтімді қажет етеді деген ол өз ісінің сырымен де бөлісе кетті.

«Лимонға қатты ылғал ауа керек. Минус температураға шыдамайды, 1 градус жылылықтан 50 қрадус ыстыққа дейін тұра береді. Бұны төбеден жаңбырлату тәсілі арқылы суғарамыз, астынан тампышалату әдісін қолданамыз. Биыл осы талдан 220 дана лимон алдық»,-деді Аслан Бектұрғанов.

Бағбан бұл кәсіпке қызыққандар үшін лимон көшетін сатып, тіпті оны күтуде өз кеңесімен де бөлісіп келеді. Көшет бағасы көлеміне қарай 2500 теңгеден басталып, дайын ағаштары 50-70 мың теңгеге дейін барады. Жас бағбан енді осы кәсіпті кеңейтіп, өніммен тек Шымкентті емес, күллі елді қамтамасыз етсек деген жоспалап отыр. Тек мемлекеттен жемістің бұл түріне ешбір қолдау берілмейді екен.

«Мемлекеттен қолдау болса қанеки, әрине… Осылай өзіміздің отандық өнім етіп, тек Шымкентті ғана емес, күллі Қазақстанды қамтамасыз ететіндей етіп үлкен жылыжай салуға әрекет жасап жатырмыз»,-деді ол.

Шымкент тұрғынының «Жұмақ бағынан» тек лимон емес, цитрусты жемістердің өзге де түрлерін кездестіруге болады. Мәселен, апельсин мен мандарин, грейпфрут, тіпті банан да бар. Бірақ бұл жемістерден әлі өнім ала қоймапты.

Аталған бақтан сирек кездесетін декоративті гүлдерді де көресіз. Бұл іске анасы қолғабыс болады екен. Бұдан өзге тұрғын балықтың «Карп Кои» атты жапониялық түрін асырайды. Алыстан көз жанарын алатын түрлі-түсті балықты да көбейту жоспарда бар дейді Аслан Бектұрғанов.