Үшінші мегаполиске жаңа автобустар жеткізіліп, қаланың қоғамдық қызмет көрсету саласы 39 қоғамдық көлікпен толықты. Жаңа дизайнды автобустар қаланың шалғай аймақтарына әлеуметтік маңызды бағыттармен жүреді деп күтілуде. Көліктер «Евро 5» санатына жатады. Бұл автобустардың қашан және қандай бағыттарға қатынамақ?

«Ютонг» маркалы бұл автобустардың сыйымдылығы жоғары, заманауи және қолайлы. Ұзындығы 10 метрден асады. Қозғалтқышы дизельді отынмен қуатталады. Заманауи қондырғылармен жабдықталған. Жүргізушілер су жаңа көлікті әбден сынақтан өткізіп болды. Айтуларынша, жолаушыларға өте ыңғайлы.
Фарух Мадалиев, жүргізуші: «Жолаушыларға аялдамаларды хабарлап тұратын микрафон, көлікке мініп түсетіндерді көретін монитор және автобустың қайды жүргенін қадағалайтын қондырғылардың бәрі бар».

«T-bus» пен «МАН – Оңтүстік» компаниясының өкілдері қаладағы жолаушы тасымалдау қызметінің сапасын жақсартуға үлес қосуды көздепті. Бұл компанияның автобустары бұған дейін де қала көшелерінде қатынауда.
Көлік басқармасындағылардың жоспары бойынша, автобуыстар шаһардағы әлеуметтік маңызы бар бағыттарда қатынайтын болады. Яғни, «Алтынтөбе», «Көкбұлақ», «Жаңаталап», «Асар», «Достық-2» және «Текесу» шағынаудандарының тұрғындарын тасиды.

Наурыз Сүгірәлиев, басқарма өкілі: «Бізде 10 әлеуметік маңызы бар бағыт бар, соның 3 бағыты автобуспен қамтылған, қалған 7 бағыт бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Осы автобустар сол конкурсқа қатысатын болады».

Айта кетейік, бүгінде Шымкентте күнделікті 1151 автобус тұрғындарға қызмет көрсетеді. Оның басым бөлігі 7 жылдан бері бағыттарда жүр. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының айтуынша, 2018 жылы қалаға 41 жаңа автобустар әкелінген. Алдағы жылы басқа да көлік компаниялары жаңа автобустар алуды жоспарлауда. Осылайша шаһардағы қоғамдық көлік мәселесі рет-ретімен шешімін таппақ.

Нұрлан Күдерұлы