Шымкентте 100-ден аса отбасы жылуға жарымай отыр. Арнамызға А. Байтұрсынов көшесі №90 үйдің тұрғындары арыздана келді. Олардың пікірінше, жылыту маусымына дайындық өз деңгейінде жүргізілмегендіктен пәтерлер жылымайды.

«Жылу далаға кетіп жатыр» деп шырылдаған көпшілік жергілікті билік өкілдеріне де, жылу берушілерге де шағымдандық дейді. Соған қарамастан әлі күнге дейін еш нәтиже болмапты.

Шарипа Жақыпова күн ұзаққа немересіне қарап үйде отырады. Пәтер ішінде сырт киіммен жүретін тұрғындар сұп-суық баспаналарын жылыту үшін газ плитасын да, жылыту қондырғысын да қосады.

Шарипа Жақыпова, тұрғын: «Осылай қалың киіммен ұйықтайтын кездерім де болады. Үйдің іші сұп-суық. Бесінші қабатқа барып, ондағылардан құбырдан ауа шығаруын өтінемін. Кейде орындайды, кейде жоқ».

Бар кінәні жылыту маусымына дайындықтың дұрыс жүргізілмеуінен көріп отырған жұртшылық жылыту жүйелерінің қымталмағанына бірнеше жыл өтті дейді. Айтуыларынша жұлым-жұлымы шыққан құбырлардан жылу далаға кетіп жатыр. Әрі ауаға ақша төлеп жатырмыз деп шағымданды.

Оралбек Сәрсенбаев, тұрғын: «Әкімдікке хабарластық. Жылу берушілерге де айттық. Нәтиже жоқ. Уәде береді. Келмейді».

Клара Каринбаева, тұрғын: «Құбырлардың түрі мынау. Жұлымы шыққан. Жылудың бәрі далаға кетіп жатыр. Үйдің суық болуы сондықтан».

Жылуға жауаптылар «маусымға дайындық жүргізілді» деп сендіреді. Ал жылу жүйелерін қымтау жұмыстары биылғы жылдың еншісінде екен.

Дархан Тәжиев, учаске басшысы: «Биыл 250 шақырымды құрайтын жылу құбырларын қамтитын боламыз. Қаладағы қалып келген аумақтарды жоспарға кіргізетін боламыз. Жылу жүйлерін заманауи талапқа сай қымтаймыз».

Жылу берушілер көпқабатты тұрғын үйдің құбырларын қымтауға енді кіріседі. Ендеше қыстың көзі қырауда жылуға жарымай отырған халықтың әлі де әупірімдеп күнелте тұруына тура келеді.

Мақпал Рысбаева