Шымкентте мас жүргізуші үш жол апатына себепкер болды. Салдарынан үш көлік зақымданып, өзі тақымдаған көліктің де құр қаңқасы қалды. Ең сорақысы 59 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Зардап шегуші ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
БМВ 520 моделін тақымдаған мас жүргізуші Желтоқсан және Б.Момышұлы даңғылының қиылысында Фольксваген пассат көлігін соққан. Тоқтамастан оқиға орнынан ізін суытқан.
Фольксваген көлігінің жүргізушісі оқиға орнына тәртіп сақшыларын шақырды. Жедел басқару орталығындағылар барлық автоэкипажға жол апатына себепкер туралы хабарлады. Ізге түсу жұмыстары жүргізіліп жатқанда мас жүргізуші жоғары жылдамдықпен жаяу жүргіншілер өткелінде өтіп бара жатқан жүргіншіні жоғары жылдамдықпен соғып өткен. Бұл жолы да оқиға орнынан қашып кеткен.
Әбден есірген жүргізушінің ізіне тәртіп сақшылары түскен кезде ол қашып құтыламын деп ойласа керек тағы да жоғары жылдамдыққа басқан. Алайда Республика даңғылында екі көлікті соғып кеткен. Осы сәтте тәртіп сақшыларының қолына түсті.
Куәгерлерлдің айтуынша мас жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып кеткенін есіне түсіре алмады. Болмаса әдейі сондай қалып танытқан.
Үш жол көлік оқиғасына байланысты тергеп, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Жол апатынан зардап шеккен әйел жедел жәрдем ауруанасында ауыр жағдайда жатыр. Мас жүргізуші құрықталды.
Ернар Балабеков