Үшінші мегаполистегі киногерлердің қоржыны тағы бір тұщымды туындымен толықты. Дәлірегі,  Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша, «Space solutions» компаниясының ұйымдастыруымен «Менің әкем» атты фильм түсіріліп, көрерменге жол тартты.

– Еңбектің көксегені – отбасында әке рөлінің маңызды фактор екендігін айқын көрсету, сондай-ақ отбасы құндылықтарын насихаттау. Қоғамдағы отбасына қатысты келелі мәселелерді жою мақсатында бұл киноны түсірудің қажеттілігі туындады, – дейді басқарма басшылығы.

Фильмнің оқиға желісінде бақытты отбасының тыныс-тіршілігі баяндалған. Ата-анасы мен баласының жанұядағы таным-тынысы, қуанышты сәттері де көрініс тауыпты. Соңынан отбасы қайғылы жағдайға тап болып, анасы өмірден озады. Тағдырдың тауқыметі де сол тұста басталған-ды. Ал киноның режиссері осынау тәрбиелік мәні зор еңбектің түсірілім жұмыстары қиынға соққанын жасырған жоқ. Себебі отбасы құндылығын көресетіп, дәйектеуге материалдық қана емес, рухани дүниелерді де ерекше ескеруге тура келіпті.

«Отбасын құру – үлкен жауапкершілікпен қарайтын дүние. Қазіргі қоғамда көптеген отбасының әлсіз тұстары тікелей әкеге байланысты болып келетіні рас. Әкенің рухани мықты болуы – болашақ ұрпақтың жарқын әмір сүруіне кепіл болмақ. Сол себепті қазақ жігіттері ерте бастан есейіп, ұлт қамы үшін өз миссиясын адал орындауы тиіс. Фильме біз осы мазмұнға басымдық бердік» , – деді фильмнің режиссері Азамат Әбдікерімұлы.

Айта өтейік, «Менің әкем» киносы Шымкентте түсірілген. Және түсірілім 1 айға ұласыпты. Жанұя жылулығы мен отбасындағы әкенің қадір-қасиетін құнттайтын туындыны тамашалау алдымен жастарға бұйырды. Желтоқсан айының 19-27 күндері аралығында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері осы фильмді көріп, оң бағасын беріп үлгерді.

Мөлдір Бекеева