Шымкентте «морждар» көбейіп келеді

320

Қаңтардың 19- ы түні христин халқы жаппай суға түсуді діни нанымдарына балайды. Дәл осы уақытта жер бетіндегі су атаулының барлығы жаңарады дейтін проваславтар ағынды суда шомылады. Жалпы, қыс суығында суға сүңгу қазақтар үшін де жат емес. Дінімізде болмаса да, бұл үрдіс денсаулыққа оң әсерін тигізеді деп сенеді. Сондықтан да христиандармен жарыса суға түсетіндердің саны артып келеді.

Асқар Ықыласов таңертеңімен салқын суға түсуді әдетке айналдырғанына 8 ай болған. Ол таң атысымен Қошқар ата өзеніне келеді. Әр күнін жаттығудан бастайтын азамат кейін өзен суына сүңгиді. Айтуынша, морждардың бұл дәстүрі денсаулыққа өте пайдалы. Қысы-жазы тау суына жүзу енді оның өмір салтына айналып отыр.

Асқар Ықыласов, қала тұрғыны: «Суға түскен денсаулыққа өте пайдалы. Қыстың күні бірден суға түсіп кете алмайсың. Денеңді ақырын үйретесің. Аяғыңды салып, кейін өзіңе су шашып. Кейін ғана суға түсуге бойың үйренеді”.

Әр жылдың 19 — қаңтарында христиан халқы түнгі сағат 12:00-де суық суға түседі. Діни нанымдары бойынша проваславтар бұл түнді ең суық уақыт деп есептейді. Және дәл осы мезгілде ішкі, сыртқы тазалықты жүргізеді екен. Дәрігерлердің айтуынша суық суға сүңгу барлық адамға рұқсат етілмейді. Кей жандарға зияны да тиюі мүмкін.

Наталья Рахимова, дәрігер: «Суық суға барлық адам бірдей түсе алмайды. Мәселен, аяғы ауыр әйелдерге, 2 жасқа дейінгі балаларға және жасы егде кісілерге рұқсат етілмейді. Сондай-ақ, жүрегі ауыратын, қан қысымы, ентікпесі және құрт ауруы бар жандардың да денсаулығына бұл үрдіс тек кері әсерін тигізеді. Егер адам алдын ала бұл процесске дайындалмаса, оның суық суға түспегені абзал».

Қаңтардың 18-нен 19 -на қараған түні болатын шомылу уақытында төтенше жағдай да орын алады. Әдетте қайғылы оқиғалар белгіленген аймақтан асып кеткен жандар мен ішімдік ішкендердің арасында орын алады. Ал, мұндай оқыс жағдайлардың болмауы үшін төтеншеліктер шомылу аймақтарын қадағалайды.

Ал, жұлдыздарға қарап күн райын болжаушылар бұл түні жаңбыр жаууы мүмкін екенін айтып отыр. Жұлдызшы сондай-ақ, қаңтардың 19-ы сайын оңтүстік аймағында қатқыл суық сирек кездесетінін жеткізді.

Шымкенттіктер Қошқар ата өзенінде рәсімдерін өткізді. Бұдан басқа, Көксәйек және Тоғыс бекеттерін де суға түсушілер қатары артады.

Назерке Үкібасова