Шымкентте жаңа жыл түні 100-ге жуық сәби дүниеге келді

1382

Шымкентте жаңа жыл түні туылған сәбилер перзентханадан шығарылуда. Өткен жылдың соңғы түнінде қаладағы перзентханаларда 39 шақалақ дүние есігін ашқан. Дәрігерлердің айтуынша, мереке күні дүниеге келгендердің басым бөлігі ұл балалар.

Мадина Серікбаева өткен жылдың 31 — желтоқсаны күні толғағы басталып, жаңа жылдың алғашқы күнінде тұңғыш перзентін босанды. Тура 1- қаңтар күні балалы болған жас ана қызына Айару деген есім беріпті. Дәрігерлердің айтуынша, Мадина жеңіл босанған. Қазір анасы мен баласының жағдайы жақсы. Жас ана мереке күні дүниеге келген перзенттін «жарық жұлдызым» деп еркелетіп жүр.

Мадина Серікбаева, жас ана: » Менің қызым «звезда». Өйткені ол тура 1-қаңтар күні дүниеге келді. Мен енді жаңа жыл мерекесінде қос мерекені атап өтемін. Қызымның туған күнін әрі жаңа жыл мерекесін де тойлайтын боламыз».

Жалпы 1 — қаңтар қалалық перинаталдық орталықта 23 сәби дүние есігін ашыпты. Олардың 13-і ұл болса, қалғандары — қыз бала. Аналардың барлығы сәтті босанды дейді дәрігерлер. Алдыңғы қатарлары бүгін-ертең перзентханадан шығарылады.

Айта кетейік, 31 — желтоқсан және 1 — қаңтар күні Шымкент қаласында 100-ге жуық сәби дүние есігін ашқан. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда демографиялық өсім байқалады дейді мамандар. 1 миллион халқы бар шаһарда жылына орта есеппен 27-28 мың сәби дүниеге келеді.

Лаура Нақыпқызы