Шымкенттіктер қоғамдық көліктегі жолақысын SMS немесе QR-код арқылы төлей алады

690

Еліміздің үшінші мегаполисінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында электронды құжат айналым жүйесінің жобасы басталды. Енді шымкенттіктер қоғамдық көліктегі жолақыны SMS немесе QR-код арқылы төлей алады.
Жобаны Шымкент қаласының әкімдігі, Beeline Қазақстан компаниясы және «SMSBUS» ЖШС жүзеге асыруда.

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының жетекшісі Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, «SMSBUS» жобасы қала ішіндегі №141, 147, 147 «А», 148 және 148 «Б» бағыттарда пилоттық жүйеде енгізілген. «Алдағы уақытта қоғамдық көліктегі электронды билет жобасын барлық бағыттарда енгізу жоспарлануда», — деді басқарма басшысы.

Жолақы қалай төленеді?

Әр автобуста бірегей код туралы ақпарат жазылған. Жолақысын төлеу үшін осы кодты 2505 қысқа нөміріне СМС арқылы жіберу керек. Оған жауап ретінде жолаушыға СМС-түбіртек және электронды билет келеді.

Ал QR-код арқылы төлеу үшін смартфоннан «Мой Beeline» қосымшасын ашып, автобустың QR-кодын сканерлеу керек. Жауап ретінде жолаушы түбіртек және электронды билет алады.

«Қаладағы инфрақұрылымды дамыту аясында біз тұрғындарға жолақысын төлеудің оңай әрі тиімді әдісін ұсынып отырмыз. Бұл жүйені қолдану үшін жолаушы Beeline абоненті және смартфоны болуы тиіс. Бұл жоба қазіргі таңда 8 қалада сәтті жүзеге асырылуда. Жолаушылар жаңа әдісті жақсы бағалап, жаппай қолданысқа енетініне сенімдімін», — дейді Beeline Қазақстан компаниясының цифрлық бизнес бойынша бас директоры Олег Алдошин.

Акция шарттары:

– Тек Шымкент қаласы бойынша жолақы төленеді;
– Бұл әдіс Beeline операторының авансты есептегі клиенттеріне ғана қолжетімді.
Жолақысын төлеудің әдісі мен тәртіптері туралы кеңес алу үшін +7 775 025 9505 нөміріне хабарласуға болады.

elitar.kz