Ата-анасына алақан жайып, аузын ашып отырудан арланатын студент сабақтан бос уақыты шыға қалса, әрекет етіп, жұмыс істеп, жоғын бүтіндеуге тырысады. Көбісі әке-шеше, аға-әпкесіне салмақ түсірмей, өз бетінше күнін көруге ұмтылса, ендібірі шәкіртақысын жеткізе алмай, еңбек етеді, және біреулері оқып жүрген кезінен тәжірибе жинап, диплом алғанына дейін мамандығының мәнін түсінгісі келеді. Кезекті оқу жылы басталды. Жазғы демалыста ауыл-ауылына тараған студенттер шаһарға оралып, басқа қалаға кеткендері де оқуына қайтып, жастардың қатары қалыңдады. Бірінші курсқа енді келіп, айналасына таңырқай қарағандары да жетерлік. Олардың дені жұмысты қайдан іздеп, неден бастау керегін біле бермейді. Тоқтама жастар бетінің бүгінгі мақаласы жұмыс іздеген «балмұздақ» студентке бағыт болады.

Сайт арқылы жұмыс табу мүмкін бе?

Іздеу сайттарын ашып, «студенттерге жұмыс» деп тере салғаным сол еді – хабарландырулар бірінен кейін бірі шықты. Мамандығың, іздейтін жұмыс түрін, уақытын өз ыңғайыңа қарай таңдайсың. Бос кестелерді осы талаптар бойынша толтырасың. Сондай-ақ арнайы дайындалған онлайн түйіндемені де толтырып, өзің туралы қысқаша ақпарат қалдыруға болады.
Студент ретінде «толық емес жұмыс күні керек» деп белгіледім. Сол кезде осы талаптарыма сай ұсынылатын жұмыстардың тізімі шықты. «Студенттерге керемет жұмыс», «Студенттер керек», «Студенттер үшін таптырмас жұмыс» деген жазулардан басың айналуы мүмкін. Байқағаным, хабарландырулардың 80-90 пайызы желілік маркетинг саласына қатысты екен. Мұны да өз тәжірибемнен айтып отырмын.
«Студенттерді жұмысқа аламыз» деген хабарландырудағы телефон нөміріне қоңырау шалып, қандай жұмыс екенін сұрағанымда, «Барлығын әңгімелесуге келген кезде білесіз» деп, мекенжайын айтты. Сағат 16:00-ге шақырды. Бардым. Мен сияқты №11 кабинетті іздеп жүрген жастар да, орта жастағы аға-әпкелер де көп екен. Бәрімізге бір-бір парақ қағаздан таратып, толтыруымызды өтінді. «Сауалнама/Анкета» деп жазылған парақтағы бос орындарға аты-жөнің, туған жерің, хоббиің және жақсы/жаман қасиеттеріңді тізіп шығу керек екен. Содан кейін біртіндеп әңгімелесуге шақырды. Менімен Индира есімді орта жастағы әйел сөйлесті. Мен туралы біраз сұрап алған соң, өздері туралы айтты.
Ресми компания екендерін және түрлі химиялық заттар мен тамақ өнімдерін шығарумен айналысатынын, бізден керегі «сол тауарларын жарнамалау» деп түсіндірді. Сағат 22:00-ге дейін әңгімелесуден кейін, «өткен не өтпегенім жайында кейін хабар береміз» деп шығарып салды.

Жаулаған желілік маркетингтен сақтан

Ғимараттан шығып бара жатқанымда, бір әйелдің телефонмен сөйлескен сөзін естіп қалдым.
«Айлығы 100 мың теңге екен. Соңыңнан адам алып келсең, одан да көп аласың деп жатыр…».
Әйел телефон тұтқасын қойғанынан кейін соған жақындап, сөзге тарттым. Айтуынша, ол да мен сияқты хабарландыру арқылы келген. Әңгімелескен.
Оған хабарласып, әңгімелесуден сәтті өткенін айтып, «жұмысқа қабылдандыңыз» депті.
Барлығын ресми түрде ресімдеу үшін жеке куәлігінің көшірмесін, 3х4 фото және 3 мың теңге ақша әкелуін ескерткен. Мұны естіп, «3 мың теңгені не үшін сұратыпты» дегенімде, әйел: «өзім де түсінбедім, бірақ қайтарып береміз» деді ғой» деп жауап берді. Содан кейін жұмыс турасына көштім.
Өзін Жансая деп таныстырған әйелдің айтуынша, жұмыс берушілер «жалақыңыз 100 мыңнан басталады» дей келе, «бұл үшін 25 мың теңгеге компанияның тауарын сатып алып, өзіңіздің соңыңыздан осы жұмысқа тағы бірнеше адамды тартуыңыз шарт, сонда әр қосқан адамыңыз үшін айлығыңызға ақша қосылып отырады» депті.
Бұл жұмыстың желілік маркетинг екенін түсіну қиынға соқпады. «Сетевой маркетингтен» опық жеп, ақшасын қайтара алмай жүрген қаншама адамның да оқиғаларын естіп жүрміз.
Сондықтан да студент, желілік маркетинг сипаты бар жұмысқа жақындағанда абайла!

Күніне 3000 теңге

Сайттан көріп, телефон нөмірін жазып алған тағы екі хабарландыру бар еді. «Промоутер керек» дегеніне хабарластым. Сол күні-ақ жүздесуге болатынын, тек өзіммен бірге 3х4 фотом жапсырылған түйіндеме керегін ескертті. Жұмыс берушімен қаладағы ірі сауда орталығының бірінде кездестік. «Күніне 4-6 сағат жұмыс» деп айтты.
Менен талап ететіні – жарнама қағаздарын адам көп шоғырланған орындарда тарату. Тіпті кейде жарнамаға байланысты арнайы киімдер киіп, көпшілік ортаға шығатынымды да ескертті. «Орыс және қазақ тілдерін білсең, өзің үшін «плюс». Еңбекақы күніне 2000-3000 теңге аралығында және күн сайын төленеді» деді.
Сөз соңында «Әлия, ертеңнен бастап кірісуіңе болады» деп қуантып тастады. Менің мақала үшін жүргенімді қайдан білсін!?
Әңгімелесуден шығып, сыртқа бет алдым. Осы кезде сауда үйінің дәл ортасында аяқ-киім дүкенінің жарнама қағазын таратып тұрған жас қызды көрдім. Жанына келіп таныстым. Айтуынша, 2 курста оқитын Қасиет студент болғалы промоутерлікпен айналысады екен.

Қасиет НИЯЗ, студент:
– Мемлекеттік грантта оқысам да, жүріп-тұруыма ақша керек болды. Ата-анама салмақ салуға ұялдым. Оның үстіне, тек мен ғана емес, курстастарымның бәрі де қосымша жұмыс істейтін еді. Газетте жарияланған және көше бойына ілінген хабарландырулар арқылы жұмыс іздедім. «Проумоутерлер керек, студенттерді де аламыз» дегенді көріп, құрбымыз екеуіміз хабарластық. «Әңгімелесуге келіңдер» деді. Сөйтіп, осы жұмысты таптық. Содан бері 2 жыл өтті. Жазғы демалыста орнымызға адам тауып кетеміз. Оқу басталған соң өзіміз жалғастырамыз. Ақшамызды күнделікті береді. Бір аптаның ақысын жинап барып, алуға да болады. Құрдастарымның көбі жұмысты газеттен және көше бойына жапсырылған хабарландырулардан іздейді.

Еңбек биржасынан студенттерге жұмыс табу қиын

Ал мемлекет тарапынан жұмыс іздеушілерге көмек ретінде құрылған электронды еңбек биржасынан, яғни enbek.kz сайтынан, өкінішке қарай студенттерге арналған жұмыс таба алмадық. Өйткені, сайтқа хабарландыру қалдырған жұмыс берушілердің талабы: толық жұмыс күні және сол сала бойынша жұмыс іздеушінің еңбек өтілі болу керек. Көбінесе, медбикелер, балабақша тәрбиешілері және техник-зертханашылар қажет екен. Сонда да іздестіре келе «студенттерге жарайды-ау» деп күзетші, еден жуушы қажет деген хабарландыруларға телефон соққанымызда, студенттерді жұмысқа алмайтынын білдік.
Жол бойындағы тақталар мен аялдамаларға жапсырылған хабарландырулардан да көз сүрінеді. Олардың да мәтіні дәл сайттағы жарнамадан аумайды. Әрі қарай іздестіріп, жұмыс туралы ақпарат жинағанда тек өзіңе сену керегін түсіндім.
Бұдан бөлек, Инстаграм, Вконтакте әлеуметтік желілерінде де «Работа в ЮКО», «Работа в Шымкенте» деген топтар бар. Байқағанымдай, бұл топтарда күніне бірнеше хабарландырулар салынады. Барлығының байланыс телефон нөмірлері көрсетілген. Өзіңе ыңғайлы хабарландыруды көргенде бірден хабарласып, жұмыс жайында келісесің. Мысалы, Вконтактедегі бір хабарландыруда «дистрибьюторлар керек» депті. Хабарластым. Студенттерді қуана-қуана жұмысқа алатындарын айтты.
Жарнама сайттарында бұдан басқа да ұсынылатын жұмыстар толып тұр. Кассир, оператор, диспетчер, администаратор және т.б.
Тек сақтана қарап, жіті тексеріп алсаң, жұмыс табуға болатынына көзім жетті.

Қала аралап, жұмыс іздеу де бір тәсіл

Интернет сайттарындағы не әлеуметтік желідегі хабарландыруларға сенімсіз қарап, тәуекелге бармайтын немесе өзіне сай келетін жұмыс мүлдем таба алмаған студенттерге «Аяғыңа күш-қуат берсін» дейміз.
Өйткені, сенің алдыңда бір ғана жол қалады: ол – қаланы өзің аралау. Айта кетейін, бұл ең тиімді тәсіл екен. Жұмыс іздеу барысында бірнеше дәмхана, супермаркет және сауда үйлеріне бас сұқтым. Кассирлер, сатушы-консультанттар мен даяшыларға вакансиялар бар және студенттерді алуға дайын екен. Базардан «жүк тасушы жігіттер керек» деген, ал автокөлік жуатын орындарда «жігіттерді жұмысқа аламыз» деп жазылға хабарландыруларды да көрдік. Бірақ, мұндай қара жұмыстар денсаулыққа зияны болатынын да ескерген жөн. «Уақытша жұмыс» деп, денсаулығыңнан айрылып қалма.
Ал 2-3 курс студенттеріне «Студенттер» жұмысын іздеме» деп кеңес береміз. Өйткені, жоғары оқу орнында оқисың. Мамандығың бойынша толық болмаса да, білерің бар. Сол себепті алтын уақытыңды басқаға жұмсаған дұрыс емес. Бастапқы білімің бойынша жұмыс ізде. Мысалы, тіл филологиясында оқитындар түрлі жекеменшік орталықтарда репетитор бола алады. «Жас дизайнерлер керек» деген хабарландырулар да көп. Журналистика мамандығында оқитындар да студент кезінен бастап жергілікті БАҚ-да жұмыс істей алады. Осылайша тәжірибе мен білімді қатар жинайсың. Басқа қатарластарың университет бітіріп, жұмыс іздеп бастағанда, сен жұмыс тәжірибесі бар жас маман боласың.

«Жұмысты қатар алып жүрген студентке қолдау керек»

Оқытушылар «студенттері жұмыс істейміз» десе қарсылық білдірмейтіндерін айтады. Бас-тысы, оқуына кедергі жасамау керек.

Әшекей ЖҰМАҒҰЛҚЫЗЫ, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің оқытушысы:
– Бізде «студенттер жұмыс істеуге болмайды» деген заң жүзіндегі бұйрық та жоқ. Оларды түсінеміз, қазір ақша қажет. Әр қадамыңа ақша керек. Өзгелерге салмақ салғысы келмейді. Біз де ата-анамыз, біз де студент оқытып отырмыз. Ең бастысы, уақытын жұмысына да, оқуына да кері әсерін тигізбейтіндей етіп реттеп алса болғаны. Тіпті, кейде студенттеріміз сабаққа келе алмайтындай болып жатқанында бізге келіп қосымша тапсырма алса біз «жоқ» демейміз. Өзім куратормын, сондықтан кейде «тапсырманы орындамай келді тағы да» деп студенттің үстінен шағым түсіретіндері бар. Жастарды түсіну керек. Олар да жан-жағындағы замандастарына қарап әдемі киініп, тойып тамақ ішкісі келеді. Киінуге ақшасы жоқ, қарны аш болса, жұмыс істемесе де сабаққа дайындалуына құлқы болмайды. Сондықтан оларға студент кезінде қолдау көрсету керек. Тәжірибе жинақтап үлгереді.

Ауылда қалған ата-ана да бауыр еті баласының ыдыс жуып, зат тасып жүргенін қаламайды. Өздері де таңертеңнен кешке дейін тер төгіп, ай соңында алған айлықтарын үйдегі басқа да балаларының аузынан жырып алып, білім алуға кеткен баласына салып жібереді. Ол қай тесігін жамауға жетсін?! Сондықтан «жұмыс істеймін» деген баласына қарсылық білдірмей, амандығын тілеп отырады.

Бибігүл Салибаева, ата-ана:
– Балам биыл 4-курс оқиды. Мамандығы – филолог. 2-курсынан бастап, дәмханалардың бірінде бармен болып жұмыс істейді. Сабағы түстен кейін 14:30-да басталып, 18:00-де аяқталады. Ал жұмысы кешкі сағат 22:00-ден таңғы 05:00-ге дейін созылады. Осы уақыт аралығында жұмыс істеп, оқуына дейін ұйықтап, тынығып алады. Әуелде баламызды ойлап, уайымдадық. Бірақ бала ер жеткен соң шығыны да көбейеді екен. Жеткізе алмаған соң, өзі жұмыс істеуге шықты. «Шаршамаймын» дейді. Бірге істейтін достарын да танимыз.

Жоғары оқу орны студенттерінің шәкіртақысы –
20 700 тг,
ал жоғары шәкіртақы
23 700 тг
Колледжде 16 500 тг,
жоғары шәкіртақы
18 500 тг

ТҮЙІН: Мұқият іздесе, студенттерге жұмыс табуға әбден болады. Тек әр қадамыңа сақ бол. Айтылған кеңестерге құлақ түр! «Жұмыс» деп жүріп, студент ретіндегі басты миссияң – білім алу екенін ұмытпа.
Ендеше сәттілік, студент!

Әлия ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат» газеті, №36, 5 қыркүйек 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті