Мектеп оқушылары арасында әлімжеттікке жол бермеу, білім ошақтарында тәрбие жұмысын жандандыру мәселесі Түркістан қаласындағы № 27 мектепте өткен ауқымды жиында талқыланды.

Мектеп директорлары, балалардың тәрбиесімен айналысатын тиісті мекеме өкілдерінің басын қосқан кездесу БАҚ өкілдерінсіз жабық түрде өтті. Түсіру тобының шығып кетуін өтінген прокурор кейін артынан талқыланған мәселелер жайы мен көріліп жатқан шаралар жайлы «Отырар» телеарнасына жеке сұхбат берді.

Руслан Әбдіраимов, Түркістан қаласының прокуроры: «Жастар арасында, әсіресе жоғары сынып оқушылары арасындағы қылмыстың алдын алу және болдырмау мақсатында Түркістан қаласындағы 33 мектептің директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары шақыртылып, осы жерде пікір алмастық, былайша айтқанда ашық есік шарасы болды. Пікір алмастық. Мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары өздерінің пікірлерін ашық айтты. Біз 5 ақпанға дейін сол ұсыныстардың барлығын жинақтап, бір мәмілеге келіп, содан кейін қай бағытта жұмыс жасайтынымызды айқындап аламыз.

Қазір бұл іспен құзырлы органдар айналысуда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп, тексеру жүргізілуде, адамдар тобымен жасалған бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалған. ҚР Қылмыстық Кодекстің бабы бойынша 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік көзделген, сол себепті олардың барлығы қазір қорғануға құқығы бар куә болып есептелінеді.

Қылмыстық іс қазір Түркістан облыстық полиция департаментінің өндірісінде. Тергеу сонда жүріп жатыр. Істің тергелу реттілігі бойынша солар ғана ақпарат бере алады. Менің құзырыма кірмейді».

Шынар Оразова

Ақерке Анарқұлова