Түркістан облысында 28 мыңнан аса азамат пәтер кезегінде тұр

358

Түркістан облысында 28 мыңнан аса азамат пәтер кезегінде тұр. Ал биыл тұрғын үй құрылысына бөлінетін қаражат бас-аяғы 7 млрд. теңгеге жуықтамақ. Қаржыны қалай тиімді жұмсауға болады?

Құны қымбатқа түсетін құрылыс нысандарын тапсыру кезінде баспанаға мұқтаждарға қандай жеңілдіктер жасалады? «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясы жанындағы комиссиялардың бірлескен мәжілісінде осы сауалдарға жауап қарастырылды.

Орындалуы бүкіл республикада дау туғызып жатқан «7-20-25» бағдарламасы бойынша Түркістанға былтыр бір тиын қаражат қаралмаған. Жауаптылар баспанаға бөлінген 20 млрд. теңгені Шымкентке шоғырландырған.

Тоқтар Үсіпәлиев, Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы: «Тұрғын үйге деген сұраныстың көптігінен Шымкентке берілген. Биыл Түркістан облысында «7-20-25″ бағдарламасын іске асыру үшін 7 млрд. теңге қаралып отыр».

Жылдан жылға тұрғын үй құрылысы қарқын алып келе жатқанына қарамастан баспана құны төмендемек емес. «Мемлекеттік бағдарлама аясында ұсынылып отырған пәтерлер бағасы ауылдықтар үшін тіпті қымбатқа түсіп отыр» дейді халық қалаулылары.

Тоқтар Үсіпәлиев, Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы: «Мердігерлер қазір тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасын 180 мың теңгеден 140 мың теңгеге түсіріп жатыр. Тағы сондай мүмкіндіктер болса қарастырамыз».

Баспана үшін жауаптылар жан алысып, жан берісіп жатқанда 200 мыңдай халқы бар жетісайлық шенеуніктер жергілікті халықты тұрғын үймен қамтуда әлі күнге тиянақты жоба ұсына алмай әлек. Осынау тақырып талқыланған жиында мырзашөлдік атқамінерлер бой да көрсеткен жоқ.

Құрылыс саласындағылардың сөзіне қарағанда алдағы уақытта Түркістан облысында көпқабатты тұрғын үйлер көптеп бой көтермек. Жөн-жосықсыз жайылып бара жатқан елдімекендер коммуналдық проблемалардың ушығуына әкеп соғуы мүмкін деп алаңдайды жауаптылар.

Мақпал Рысбаева