Түркістанда 15 облыс-қала әкімдігі тиісті нысандардың құрылысын жүргізеді

239

Түркістанға арнайы іссапармен ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин келді. Ол ең алдымен облыс орталығындағы қызу құрылыс жұмыстарымен танысты. Одан соң Түркістан  облысы әкімдігінің мәжіліс залында  облыс орталығын дамыту бойынша келелі жиынға қатысты.

Алқалы жиынға Бірінші Вице-премьер А.Мамин, Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев және өзге де облыс басшыларының орынбасарлары, ұлттық компания өкілдері мен инсвесторлар  қатысты.

Жиында сөз алған өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының Түркістан қаласын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау  бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.

«Қазіргі таңда Әкімшілік-іскерлік орталықта 672 гектар жерден 513 гектар жер мемлекеттік меншікке алынды. Олардың ішінде 48,4 гектар аумақта орналасқан бірінші кезекте салуынуы тиіс 13 нысанды іске асыру үшін жер телімдері толығымен босатылды және 7 нысанның құрылысы басталды.

Ал, 88 бес қабатты тұрғын үйлердің құрылысы бойынша (2724 пәтер, 200 мың шаршы метр) дайындық жұмыстары аяқталды. Тұрғын үй құрылысы «Түркістан ӘКК» қатысуымен жеке салушылар есебінен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Астана қаласының тапсырысы бойынша «Астана» алаңы салынатын  болады. Оның құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айында басталып, 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Сонымен қатар, Түркістан қаласының рухани-мәдени аймағында «ҰӘҚ Самұрық қазына» АҚ тапсырысымен Қожа Ахмет Ясауи мұражай нысанының құрылысы басталды. Бұдан өзге, әуежайдың құрылысы бойынша жұмыстар атқарылуда. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Азаматтық авиация комитеті, ҚР Қорғаныс министрлігі және «Казаэронавигация» АҚ мақұлдаған Түркістан қаласындағы әуежайды салу үшін 905,3 гектар жер телімі бөлініп отыр», – деді өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ, басқосуда ҚР Мәдениет және спорт  министрі А.Мұхамедиұлы Күлтөбе тарихи орнын жаңғырту бойынша баяндама жасады. Сонымен қатар, өзге облыс пен қала басшылығы өкілдері өздеріне тапсырылған нысандардың құрылысы жөнінде хабардар етті.  Жиында Алматы облысының әкімдігі «Жастар сарайы» ғимаратының құрылыс жұмыстарын басталғанын жеткізсе, Ақтөбе облысы — «Әзірет Сұлтан» қорығында мәдени-демалыс нысандарын салмақ. Атырау облысы — ашық аспан астындағы мәдени-тарихи мұражайдың құрылысын бастамақ. Шығыс Қазақстан облысы — әуенді субұрқақ салуды көздеп отыр. Солтүстік Қазақстан облысы — олимпиадалық резервті дайындайтын облыстық спорт мектебін салуды жоспарлап отыр. Жамбыл облысы — «Әзірет Сұлтан» қорығына мәдени-тарихи Визит орталығын тұрғызбақ. Батыс Қазақстан облысы — Тарихи-киелі орындар орталығының құрылысын жүргізеді.

Бұдан өзге, Қостанай облысы — Қазақстан Халықтары Ассамблеясының ғимаратын, Қызылорда облысы — Шығыс моншасын, Маңғыстау облысы – Амфитеатрдың құрылысын бастайды.  Елордасы Астана қаласы – «Астана» алаңының, Алматы — Медиа орталықтың, Шымкент қаласы — Облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылысын бастауда.

Жиын соңында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Мамин баяндамашылар көтерген мәселелер назарға алынатынын айтып, Елбасы тапсырмасы бойынша Түркістан қаласын дамыту  үшін жауаптыларға құрылысты қарқындатуды тапсырды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі