Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды қызметкері пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық тексеру бөлімінің бас маманына сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдік келтіруде. Ол 2018 жылдың 18 желтоқсанында сыртқы экономикалық қызметтің қатысушысына кедергісіз камералдық кедендік тексеру және оның кәсіпкерлік қызметіне жалпы қамқорлығы үшін 1 млн теңге сомасында пара алуда күдікті деп танылауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деді Арман Бердалин.
Оның айтуынша, сонымен бірге Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қарағанды облыстық департаменті басшысының орынбасары ұсталды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл ұлттық бюросының Қарағанды облысы бойынша департаменті Табиғи монополияларды реттеу бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғанын анықтады. Сот санкциясымен ол қамауға алдынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», — деді ол.
Сонымен бірге, Арман Бердалин бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен Атырау облыстық Білім беру басқармасының басшысы, оның орынбасары және ведомствоға бағынышты ұйымның бас бухгалтері ұсталғанын хабарлады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов білім беру басқармасы басшысының ұсталуына байланысты түсінік берген болатын.