Түркістан облысы толағай табыстарға қол жеткізді

339

Түркістан облысының даму бағдарламасындағы индикаторларының 11 айда орындалуы туралы жиын өтті. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен басқосуда Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Қанат Тастанов баяндама жасап, өңірдің жеткен жетістіктері мен орындалмаған жоспарлары туралы баяндама жасады.

Басқарма басшысы Елбасының Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты өңірдің даму бағдарламасындағы индикаторлардың жоспарлы мәнінен Шымкент қаласының үлесі шегеріліп қайта қаралғанын жеткізді.

«Түркістан облысының даму бағдарламасы» бекітілді. Аймақтың дамуы экономика, әлеуметтік сала, қоғамдық қауіпсіздік және құқық тәртібі, инфрақұрылым, экология және жер ресурстары мемлекеттік қызметтер сынды 6 бағыт бойынша дамитын болады. Осы бағыттар бойынша 123 индикатор айқындалған. Облыс экономикасының негізгі көрсеткіші жалпы өңірлік өнімі 2018 жылдың 1-жартыжылдығында 591,2 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,8 пайызға орындалған», – деді басқарма басшысының орынбасары.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы 17 индикатордың орындалуына жауапты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 11 айда 409,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7 пайызға кеміген.

Жалпы ағымдағы жылдың 11 айында облысқа 240,6 млрд. теңге инвестиция бағытталып, жоспар 100 пайызға орындалған. Бұл 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,6 пайызға орындалғанын көрсетеді. Түркістан өңірі Республикалық деңгейдегі инвестицияның көлемі бойынша 12 орында. Облыс бойынша жалпы инвестиция көлемінің өсімі орын алғанымен, кейбір аудандарда оның төмендегені байқалған. Облыста 11 айда 136 176 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.

Ауыл шаруашылығы басқармасы 8 индикаторға жауапты. Жалпы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 508,2 млрд. теңгені құрап, 11 айда — 103,5 пайызға орындалған.

Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы 3 индикаторға жауапты болса, оның екі көрсеткіші артығымен орындалған. Бір көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12,1 пайызға төмендеген.

Құрылыс басқармасы 2 индикаторға жауапты, оның 2-і де жылдың қорытындысымен орындалуы күтілуде. Құрылыс жұмыстарының көлемі 110,0 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен 1,4 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш республика бойынша 11 орында, үлесі 3,4 пайыз.

Аймақ басшысы индикаторлық көрсеткіштерді тиісті деңгейде іске асыру мақсатында жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі