Түркістан облысының педагогтары Түркияға аттанды

550

Күнгейдің білімді де білікті педагогтары енді Түркияға барып, тәжірибесін толықтырады. Осы мақсатта бүгін бір емес, 41 педагог Анкараға аттанды.

Күнгейдің педагогтары бұл жолы әуежайға әдеттегідей жеңістің төрін бағындырған шәкірттерін күтіп алуға емес, өздері жол жүруге жиналды. Дәлірегі, Түркістан облысының көшбасшы мұғалімдері енді Түркияға барып, білім саласындағы сауатын арттырады. Жолаушылар сапынан Шардарадағы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Сәбит Өтешов те табылды. Ұстаздық жолда 13 жылдық тәжірибесі бар кейіпкеріміз айтулы іс-сапардағы өзінің көксеген мақсатын жасырған жоқ.

«Мен жаңашылдықты құптаймын. Ал білім беруде түркиялықтардан аларымыз да жоқ емес. Оларда біздегідей мектептерді бөліп-жару жоқ. Мәселен, «элитный» немесе «нашар» деген ұғымдар жоқ. Тек бастауыш, орта және жалпы орта мектептер жұмыс жасайды. Мұның да бір септігі болар, білімдегі осы және өзге де жүйелерімен танысып, қажетті мәлімет-мағлұматтарды түйсек деген ниетіміз бар. Меніңше, жаңа білім беру жүйесіне жатырқай қараудың да қажеті жоқ қазір. Ал ауқымды жоба арқылы көрген-білгенімді осы іс-сапардан кейін, бөлісетін боламын», — деді Сәбит Өтешов.

Түркия мемлекеті мен Түркістан облысы педагогтарының тәжірибе алмасу жобасы биыл алғаш рет қолға алынып отыр. 5 күндік жобаға күнгейдің бір емес, 40 педагогы жұмылдырылған. Және мұғалімдерді бастап бару үшін арнайы жетекші де бекітіліпті. Ал облыстық білім басқармасы басшылығының айтуынша, айтулы жолдама кез келген педагогқа берілген жоқ. Бұл үшін арнайы талап ескерілген.

Исатай Сағындықов, Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы: «Үш тілді білетін немесе өзге де жетістіктерге жетіп, көшбасшылық қабілетімен танылған педагогтар осы Түркияға кетіп барады. Бұл тапсырманы аудандардағы білім бөлімдерінің басшыларына арнайы бергенбіз. Яғни, осы жолдамаға ие болған ұстаздардың барлығы да аудандарда үздік шәкірт тәрбиелеп, еселі еңбек етіп жүрген мамандар. Соған қуанамын. Және онда барғасын ең алдымен мектептерге бұрылып, ұстаздардың сабақтарына қатысып, тыныс-тіршілігімен танысады. Одан соң, тарихи орындарымен танысып, рухани азық алып қайтады».

Басқарма басшысының айтуынша, Түркиямен білім саласындағы байланыс мұнымен тәмамдалмайды. Жоба жалғасын тауып, жыл соңына дейін жүздеген мұғалім шетелге аттанып, білімнің жаңа бағыт-бағдарын бағамдап, қажетті жүйелерді меңгеріп келмек. Айта өтейік, бүгінде бір ғана Түркістан облысында 907 мектеп бар. Онда 70 мыңнан астам педагог жұмыс істейді.

Мөлдір Бекеева