Балағынан бала саулаған күнгейдің алтын құрсақты аналары жарап тұр. Күні кеше Елордада — Елбасының алдында жастарды көпбалалы болуға үндеген батыр ананы жергілікті атқамінерлер тосынсыймен күтіп алды.
Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев түркістандық көпбалалы ана Жазира Тұрғынованы қабылдады. Кездесуде өңір басшысы батыр анаға Төлеби ауданы Ленгір қаласынан 4 бөлмелі баспананың кілтін табыс етті. Облыс әкімі айтулы қуанышпен құттықтап, жүрекжарды тілегін арнады.
Жазира Тұрғынова – Түркістан облысы Төле би ауданындағы Ұзынарық ауылының тұрғыны. Жолдасы Олжас та көпбалалы отбасынан шыққан. 11 ағайынды. Жазира 27 жасында 7 баланың анасы атанған. Алтын құрсақты ана бүгінде 3 қыз, 4 ұлды тәрбиелеп отыр. Тұңғышын 18 жасында босанған Жазираның қазіргі таңда үлкені 11-де, ал кішісі Әлихан 7 айлық.
Баспана кілтін салтанатты түрде табыстаған облыс басшысы жас отбасыға сәттілік тіледі. Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласынан ұсынылған пәтер жиһаз-жабдығымен қоса сыйға тартылып отыр.
Осы уақытқа дейін қаладағы «Жұлдыз» шағынауданында пәтер жалдап келген отбасыға айналдырған апта ішінде тағдыр тосынсыйын ұсынды. Отағасы Олжас Әбілдабеков арнайы оқыту курсынан өтіп, жұмысқа орналасатын болды.