Елімізде өндіріс пен тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласына қажетті маман даярлау және оқытушылардың біліктілігін арттыру мәселесі өте өзекті. Сондықтан да, аталған сала кенжелеп келеді.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де дәл осы тұсты көтерген EduEnvi жобасы аясында халықаралық семинар өтуде. Қазақстан мен Ресей оқытушыларының әлеуетін арттыруды мақсат еткен жиынның алғашқы күнінде ауқымды мәселелердің түйіні тарқатылды.
Жиынға Даниядан, Испаниядан, Ресейден, Финляндиядан ғалымдар арнайы келіп қатысты. Олар биотехнология, бизнес, экономика, физика, қалдықтарды басқару және туризм сияқты салалардағы түйткілдерді сөз қылды. Өйткені, бүгінде әлеуметтік, экономикалық маңызы басым осы тұстар білікті мамандарға мұқтаж. Оның үстіне, аталған жобалары бойынша кәсіпкерлікті насихаттауды міндет қойып отыр өздеріне.
Мәселен, қалдықтарды қайта өңдеу экологияны бизнес көзіне айналдырудың төте жолы саналады. Одан пайда табу үшін, сөзсіз, саланың мамандары тісқаққан болуы керек. Олар біліктілігі айтарлықтай болғанда ғана, жетістікке жете алады. Мүмкін, Шымкентте жырға айналған қалдықтарды өңдеу кәсіпорны да осы проблемаға байланысты жанданбай отырған болар?! Жоба нақты, мамандары білімді болса, әлдеқашан мегаполисте қоқыс-қалдықтар мәселесі шешіліп қояр еді! Бүгінгі семинарды бастаған ғалымдардың да көтеріп отырғаны осы.
Ботагөз Муталиева, химия ғылымдарының кандидаты, жоба жетекшісі: “Елімізде ғана емес бүкіл әлемде қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі өткір тұр. Осы мәселеге орай оқытушылардың біліктілігін арттыру, электронды оқытуды биік белеске көтеру қолға алынуда. Біздің жоба университетіміз бен өндіріс арасында тығыз байланыс орнатқан. Ал концерциумымызда 9 жоғарғы оқу орындары бірлесе жұмыс жасайды. Олардың үшеуі қазақстандық, үшеуі ресейлік, ал үшеуі еуропалық оқу орындары.
Семинарға қатысуға Финляндиядан келген профессор Эвелина Асикайнен өз елінде экологиялық ахуалдың жақсы екенін айтады. Онда қалдықтарды қайта өңдеуде жоғары жетістіктерге әлдеқашан қол жеткізілген. Финляндияда қалдықтардың 97 пайызы қайта өңделеді екен. Ал тұрғындардың қоршаған ортаны қорғауға деген құрметін ояту үшін арнайы бағдарлама қабылданған. Түрлі құтылар, пластик ыдыстарды өткізгендерге қаржы төленетін көрінеді.
Эвелина Асикайнен, Тампере қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры: “Негізінен тұрғындар қалдықтарды сұрыптап өткізеді. Пластик ыдыстарды өртейді, кейбірін қайта өңдейді. Қалдықтармен айналысатын арнайы муниципальді мекеме бар. Қалаларда арнайы зауыттар орналасқан. 1917 жылдан бастап Финляндияда экологиялық ахуалды жақсарту үшін заңдық тұрғыда реттеу жұмыстары басталған. Арнайы бағдарлама қабылданған. Нәтижесі өте жоғары».
Дәл осындай ұсынысты жақында Жастар жылының салтанатты ашылуында Елбасыға қарағандылық жігіт те жеткізді. Өз қаласында ол жобасын бастап та жіберген. Алайда, үкіметтегілер оны енді естіді. Құптап, бірден іске кіріссе, біраз жылдарда Финляндияға біз де жетерміз. Әзірге, мұны осындай жиындарда ғана естіп, құлаққа құюға тура келеді… Шетелдік ғалымдар қатысқан семинар ақпанның 1-іне дейін жалғасады.
Гүлжан Көшерова