Өткен жылы Сарыағаш ауданы, Абай ауылында «зорланды» делінген 7 жасар баланың шулы ісіне қатысты есімі белгілі болған заңгер Мүсір Құрманғазы бұл жолы тәнін жалаңаштап, қазақтың ұлттық сәукелесімен суретке түскен тараздық бойжеткенге қатысты үнсіз қала алмады, деп хабарлайды Elitar.kz.
Заңгер Жамбыл облыстық Полиция департаментінің басшысына, облыс прокурорына, Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының басшысына өз арызын жолдаған. Арыздың толық нұсқасын ол өзінің желі парақшасында жария етті.
«Қазақстан Республикасының Конститутциясы, Қылмыстық кодексі, «Ішкі істер органдары» және «Прокуратура туралы» заңдарының талаптары мен нормаларын ұстана отырып сұраймын:
1. Арызымда көрсетілген «Instagram» желісіндегі парақшалардың IP мекен жайларын анықтап, аталған парақшалардың иелерінің тұлғасын анықтауыңызды;
2. Аталған іс-әрекеттердің ұйымдастырушылары мен сол іс-әрекеттерге қатысы бар тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғап, күдікті деп тану туралы қаулы шығарып тергеу жүргізуіңізді;
3. Желідегі жарияланған фото және бейнетаспалардың ұлттың мәдениетіне, тарихына және де қоғамның, оның ішіндегі кәмелет жасқа толмаған азаматтардың жүйкесіне әсер ететін моральдық шығын мен зиянның мөлшерін толық анықтау мақсатында сараптама тағайындауыңызды;
4. Бейнетаспадағы белгісіз азаматшаның соңғы жариялаған қоғамға бағыттаған жағымсыз әрекетінің (сол қолының ортаншы саусағын көрсетуін) қандай мағына білдіретініне сараптама жүргізіп, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі көрсетілген баптарға сәйкес жазаға тартуыңызды.
Екінші мекенге:
1. Тергеу жүргізіліп біткенше қоғамдық резонанс пен кернеу болдырмау мақсатында Жамбыл облысының Ұлттық қауіпсіздік департаментіне нұсқау беріп, аталған IP мекен жайларын уақытша бұғаттау (блокировка) жүргізуіңізді;
2. Аталған арыздың дұрыс және тек заң шеңберінде қаралуын жеке өз бақылауыңызға алуды.
Үшінші мекенге:
1. Арызда көрсетілген іс-әрекеттер мен дәлелдердің қоғамға тигізілген шығынының мөлшерін анықтап, «Нұр Отан» партаиясының, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» саясатына қаншалықты қарама-қайшы келетіндігіне баға беріп, ашып, толық баяндап менің мекен жайыма қағаз түрінде жолдауыңызды» делінген арызда.
Еске сала кетсек, 2018 жылдың желтоқсан айында тараздық 18 жастағы бойжеткен Шынар Нарчаева алғашында қазақтың әшекей бұйымын жалаңаш тағып түскен фотосын желідегі парақшасына жүктеп елдің ашуын тудырды. Кейіннен ол сәукеле киіп тағы да жалаңаштанған фотосын желіге жүктеп, елдің қызу талқысына түсті.