Тек қана қазақша. Осы ұранмен енді Шымкент тұрғындары ана тіліміздегі кітаптарды сатып алып, әдебиет әлеміне саяхаттай алады. Жаңа дүкеннің ерекшелігі барлық аудиторияның талғамына сай кітаптармен қамтылған.
Енді қазақстандық қаламгерлер, әсіресе жергілікті ақын-жазушылардың арнайы дүкені бар деуге болады. Дүкен сөресінен өз кітабын көрген авторлар да қуанып қалды. Заманауи үлгіде жасақталған мекеннен жастарды көру қай жазушыға болса да, қуаныш сыйлайды.
Арман Сқабылұлы, журналист: «Жастар қазір өздеріне түсінікті тілде жазылған, әсіресе біздің журналистиканың тілінде, ішінде қызықты интригалары көптеу нәрселерді теледидардан болсын, ноутбуктен, планшеттен, кітаптан, тіпті қай жерден болсын оқиды.Сондықтан ең бастысы жастарға оқыту керек».
Әдебиет ардың ісі. Ар деген жас буын. «Егіз жүрек» кітабының тұсаукесер рәсімі де арнайы дүкеннің ашылу салтанатымен ұштасытырылып отырғаны тегін емес. Туынды авторы Арман Сқабылұлына табыс тілегеннің дені де мұны жастарға сый деп қабылдайды.
Қазыбек Иса, ақын: «Енді осы «Қазына» кітап дүкені, біздің қазақ әдебиеті мен мәдениетінің асыл қазынасын толықтыра берсін деймін. Әріптесіміз Арман Сқабылұлының кітабы «|Егіз жүрегімен» бітпесін,одан әрмен жалғаса берсін деп тілеймін».
Жаңа кітап дүкенін іздегендер «Береке» сауда үйінен таба алады. Ал қазына құны қарапайым қалтаға салмақ салмайды, қолжетімді бағада. Тек қана қазақша кітап сататын дүкен талайларды таң қалдырғаны рас.
Алмас Шәкен, «Қазына» кітап үйінің бас директоры: «Ең басында дүкен ашамыз деп 80 шаршы метр жерді жалға алдық. Кітаптар самсап тұратын сияқты болып көрінді. «Меломан» ұқсап барлық кітапты жинап аламыз деп ойладық. Баспаханаларға хабарласқанда 200, 300 түрлі кітап бар дегенімен, нақты алғанда 10, 50 дана ғана болды. Сонымен 8ай бойы кітап жинадық».
«Жақсы кітап — ақылды адамның әңгімесімен бірдей» деген екен Лев Толстой. Рухани жаңғыруды мемлекет болып іске асырып жүрген болсақ, бұл дүкеннің де ел дамуы үшін тигізер пайдасы мол болары анық.
Әйгерім Жомартқызы