Тентектерді тезге салудың тетігі айтылды

353

«Оқушылар әлімжеттікке өздерін көрсету үшін барады». Бұл жоғары сынып шәкірттерінің өз пікірі. Еліміз бойынша соңғы кездері жеткіншектер арасында күш көрсету, суық қару қолдану сияқты бұзақылық азаймай тұр.

Бірін бірі жағасынан алған құрдастар қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Осының алдын алу үшін Шымкент мектептерінде бұзақылықтың алдын алуға бағытталған апталықтар басталды. Ал Астанада Ішкі істер министрлігі шұғыл жиын өткізді. Онда Қарағанды, Ақтөбе, Қызылордамен қатар, Түркістан облысы оқушыларының арасындағы әлімжеттік жәйі де сөз болды.

Жеткіншектерді тәртіпке шақырған онкүндіктің алғашқы шарасы №88 мектепте ұйымдастырылды. Мұнда оқушылар әдеттегідей ән айтып, би билеген жоқ. Бір-біріне каратэ әдістерін көрсетіп, қорғану тәсілдерімен бөлісті.

Жоғары сынып оқушылары “өзара келіспеушіліктерді жұдырықсыз да шешуге болады”, дейді. Ал, жағдай әлімжеттікке ұласқанда, қорғанысқа көшу қажет. Қорғану үшін айла, тәсілдерді білген дұрыс, әрине. Шәкірттермен тілдескенде байқағанымыз, егер оларға үлкендер көбірек уақыт бөліп, сабақта — мұғалім, үйде — ата-ана жақынырақ болып, пікірін білсе, барлығын да айтып, ойы бұзылмайды.

Еске сала кетейік, бірер апта бұрын түркістандық оқушылардың арасында болған төбелес кадрлары әлеуметтік желі арқылы тараған еді. Ұстаздардың айтуынша мұндай қатігездікке жол бермеудің бір ғана жолы — баланы жастайынан қадағалау. Балаларды бос жібермеу керектігін ата-аналардың бірі жақында Еңбекші ауданы әкімінің есептік жиынында да айтқан болатын.

Қоғамның бас ауруына айналған бұл проблема Ішкі істер министрлігі Үкімет жанындағы Жасөспірімдер ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын шұғыл шақыруға негіз болды. Онда Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе өңірлерінде болған жасөспірімдердің топтық төбелесі, балалардың жауапкершілікке тартылуы жөнінде мәселе қозғалған.

«Еліміздің қылмыстық заңнамасына сәйкес, ауырлық тудыратын жағдайда жасалған бұзақылық үшін 14 жасқа толған тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны» нақтыланды.

Назерке Үкібасова