Қорғас – Алматы – Шымкент – Өзбекстан бағытына шығатын Бадам өзенінің үстіндегі көпірде қайта құру жұмыстары басталды. Ені 11 метрді құрайтын өткел бірнеше жылдан бері апатты деп танылған. Тоғыз жолдың торабындағы бұл көпірдің маңыздылығын ескерген шаһар басшылығы толық жаңарту қажет деп шешіпті.

Экономикалық және стратегиялық маңызы бар өткелде көлік қозғалысын тоқтату мүмкін болмады. Мердігерлер апатты көпірді жөндеу үшін, жанынан жаңасын салып әлек. Оның құны 2 млрд. теңгеге бағаланған. Ағылған көлік нөпірін осында бағыттап алған соң ғана, ескі көпір бұзылып, қайта салынады екен.

Еске сала кетейік, Бадам өзеніндегі бұл көпір Кеңес Одағы кезінде яғни, осыдан 51 жыл бұрын пайдалануға берілген. Тәуілігіне мыңдаған көлік өтеді. Соңғы жылдары ауыр жүк көліктерінің салмағынан жарылып, тіреулері сыр берген. Жыл сайын жамағанымен, қауіптілігі сейілмеген. Сондықтан болар, сала мамандары жаңа көпірді салуға бел байлаған.

Төрехан Дүйсенов, мердігер компанияның өкілі: «Көпірдің қадалары 25 метр тереңдікте жатыр. Бұрын қазіргідегідей ауыр көліктер болмаған. Сол себепті жобалаушылар салмақты артығымен есептеген, кез-келген салмаққа төтеп беруі тиіс”.

Жаңа көпірдің ені 28 метр, төрт жолақты болады. Барлық стандарттарға сай салынады. Қаржысы дер кезінде беріліп тұрса, құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Қазірдің өзінде екі ауысымға жұмылдырылған құрылысшыларға ауа-райы да кедергі келтіріп тұрған жоқ.

Нұрлан Күдерұлы